Отыз тістің қадірін қақсағанда білерсің…

немесе стоматологиялық қызметті тегін пайдалануға бола ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді. Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды» деп нақты айтты.

Расында, МӘМС қорына ай сайынғы жарнасын аударып отырғанына қарамастан, медициналық қызметтің кейбір түрлерін азаматтардың ақылы негізде алуға мәжбүр болып жүргені шындық. Әсіресе, стоматологиялық ем-шараны МӘМС пакетіне қосу туралы ұсыныс-пікірлер соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Бірақ, салаға жауапты басшылар тісті емдеу қызметініңің қымбат екенін алға тартып, мұндай шығынның мемлекетке де, МӘМС қорына да жеңіл тимейтінін айтып жүр. Қазір тіс емханасына тегін ем алу үшін баласын жетектеп барған ата-аналардың ондағы кезекті соңына дейін күтуге шыдамы таусылып, амалсыз ақылы қызметке жүгінеді. Ал, сақтандыру қорына жарнасын аударып отырған ел азаматтарының тісін тегін емдетуі іс жүзінде мүмкін емес тәрізді.

Қазір қаламызда тіс емханалары көбейіп келеді. Бұны кәсіпке айналдырғандар да жетерлік. Дегенмен, салаға заң аясында қойылған талаптар орындалуда ма? Стоматология саласындағы қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне кім жауап береді? Зерттеп көрдік.

Адамның денесінде артық жаратылған ештеңе жоқ. Әр ағза, әр мүшенің өз орны, өз қызметі бар. Бұл тіске де қатысты. Аузымыздағы 32 тістің әр қайсысының өз міндеті бар. Олардың да ешқайсысы босқа жаратылмаған, тіпті, деннің саулығы да тіске байланысты. Сонымен қатар тістің бет-әлпетіміз бен көңіл-күйімізге, мінез-құлқымызға да ықпалы бар. Бүгінде көзге көрінетін алдыңғы тістері аман тұрса, азу тістерінің шіріп, түсіп қалғанына мән беріп, қиналып, қысылмайтындар көп. Алайда, үлкені болсын, кішісі болсын тіс күтіміне немқұрайлы қарамағаны жөн.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, медициналық қызметтің бұл түрі лицензия арқылы үйлестіріледі. Ол үшін субъект медициналық қызметке қойылатын біліктілік талаптарына толық сәйкес келуі тиіс. Әуелі санитарлық қағидаларға сай ғимараттың болуы шарт. Сосын мамандардан тиісті мамандық бойынша сертификат талап етіледі. Осыдан соң стоматологиялық көмек көрсету стандартына сай келетін медициналық бұйымдар, құралдар, аспаптар, жиһаз сынды жабдықтар қажет. Тіс емханасын ашуды ойлаған азамат керек-жарағын түгендеген соң құжаттарын «Электрондық үкіметтің» веб-порталына жүктейді. Кейін қорытындыны Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменті шығарады. Тиісінше, тіс емханасы талаптарға сай келмесе, лицензия берілмейді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының мәліметінше, мегаполис тұрғындары МӘМС бойынша 45 стоматологиялық клиниканың қызметіне жүгінеді. Қуантарлығы тіс дәрігеріне көріну үшін емханадан жолдама талап етілмейді екен.

– Былтыр қала тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 500 мыңнан астам стоматологиялық қызмет көрсетілген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде аталмыш көмек түрін алуға көбіне зейнеткерлер мен балалар жиі жүгінеді. Жалпы, 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге стоматологиялық көмек жоспарлы және шұғыл түрде көрсетіледі. Мұнда қарапайым және күрделі тұрақты тісті анальгетикпен жұлып тастау, терең тісжегін емдеу, пломбалау, тұрақты тістің екі тамырын пломбалаумен пульпитті емдеу сынды ем-шаралар қарастырылған. Сол секілді 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, 1, 2, 3-топтағы мүгедектігі бар адамдарға, «Алтын», «Күміс» алқалы көпбалалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алатындарға, зейнеткерлерге, инфекциялық, өзгелерге қауіп төндіретін ауруға шалдыққан науқастарға, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын жұмыссыздарға, бірінші топтағы мүгедектігі бар балаға күтім жасайтындарға шұғыл көмек көрсетіледі. Оларға тісті анальгетикпен жұлып тастау, химиялық пломбалау, абсцесс аутопсиясы сынды ем-шаралар тегін. Сондай-ақ туа біткен жақбет патологиясы бар балаларға ортодонтикалық көмек қарастырылған. Егер тексеру нәтижелері бойынша тіс дәрігері науқасқа амбулаториялық жағдайда көмек көрсету қауіптілігін анықтаса, ол науқастан бас тартуға және оны жедел жәрдем арқылы ауруханаға жіберуге құқылы, – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы басшысының орынбасары Арапкүл Ізбасарова

Демек тегін стоматологиялық қызметке МӘМС жүйесі арқылы екінің бірі жүгіне алмайды. МӘМС жүйесі енгізілгелі қорға ақша аударып отырған азаматтар медициналық көмектің сапасына қатысты сын-пікірлерді ашық айтып жатыр. Айма-ай аударып отырған қаржы арқылы мемлекеттік емханаларға барып ем алу тиімсіз дейді. Ұзын-сонар кезек, бітпейтін анализ қорытындылар… Осы сындардан кейін, қордан қаржы алып отырған ұйымдар медициналық көмектің сапасына көбірек көңіл бөле бастады. Тұрғындар денсаулық сақтау саласындағы мәселелердің барлығын дерлік МӘМС-ке теліп жатқан соң, қор да қарап қалмай, медициналық ұйымдардың кемшілігін анықтап, реттегені дұрыс-ақ. Тіс емханаларының жұмысын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары да мониторингілейді. Олардың айтуынша, тіс емханаларын тұрғындардың арыз-шағымынсыз жылына екі мәрте профилактикалық бақылауға болады екен. Сондай-ақ, тұрғындардың талап-арызына қарай жоспардан тыс тексеруге де мүмкіндік бар. Қысқасы, тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін емханаларға ешкім орынсыз шүйлікпейді. Қордан қаражат алып, сапалы қызмет көрсетіп отырған SAFU MED отбасылық стоматологиялық орталығының бөлім меңгерушісі Наурызбай Амангелді тұрғындар тарапынан тек тегінге емес, сапалы қызметке жүгіну мәдениеті қалыптасқандығын айтады.

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен стоматологиялық клиникалар арасында келісім-шарт жасалынған соң, белгілі талаптар қойылды. Мәселен, бұған дейін тіс емханаларында орта білімді мамандар қызмет көрсетсе, кейінгі жылдары тек ЖОО-нын бітірген стоматолог-хирург, стоматолог-терапевттер ғана жұмыс істей алады. Сондай-ақ емделушілер көрсетілетін қызметтің тегін болуын ғана емес, сапасына мән береді. Соның салдарынан стоматологиялық орталықтар арасында бәсекелестік болуда. Қор тарапынан ай сайын тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Дәрігерлердің біліктілігіне назар аударды. Пациенттерді кім, қалай және қай жерде қабылдайтынын көзбен көреді. Медициналық көмектің сапасына зейін қояды. Мұның себебі белгілі, қазір денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктердің барлығы дерлік сақтандыру қорына келіп тиеді. Тұрғындар жарнасын төлеп отырған соң, сапалы қызмет алғысы келеді. Егер емделуші медициналық қызметке көңілі толмаса колл-центрге хабарласып шағымдана алады. Нәтижесінде, кемшілік дер кезінде жойылады. Көп шағым келсе, орталыққа минус келеді. Ал, мемлекеттік тапсырыс бойынша, қаражат бөлінетін кезде бұл рейнтиг міндетті түрде әсер ретеді, – дейді Наурызбай Амангелді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылғалы қаражатты аумақтық емханаларға аударып келсе, былтырдан бастап тіс емханаларын тікелей қаржыландыруға кіріскен. Осыған қарамастан шағымданатын азаматтар көп. Бір орталық сапасыз қызмет көрсетсе, бұл барлығының төмен деңгейде дегенін білдірмейді. Тек емхананың дұрысын, маманның біліктісін таңдай білу керек, дейді қала тұрғыны Эльмира Сәрсенбайқызы.

– Қазір жас, орта буын азаматтары тісін түзету үшін брекет салдырады. Қызыма салдырттым. Нәтиже 1-2 жыл ішінде көзге көрінеді деген соң күттік. Ай сайын алатын ем-шараларын алдық. Өзгеріс болмаған соң, ол стоматологтың емінен бас тарттық. Ақылы қызметке жүгініп, 8 айдың ішінде өте керемет нәтижеге қол жеткіздік. Қазір қалада тегін қызмет көрсететін 45 клиника бар. Тек жақсысын таңдай білу керек, – дейді Э.Сәрсенбайқызы.

Сонымен стоматологиялық көмек алу үшін пациент Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының дерекқорындағы стоматологиялық ұйымдардың қай-қайсысына жүгіне алады. Емханалар тізімін msqory.kz сайты арқылы біле алады.

Ал, ақылы қызметке кім, қашан жүгінсе де өз еркі.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Шымкентте 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілуде

Шымкент қаласында 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта 15 тамыз бен ...

Түркістанда АИТВ инфекциясына қарсы күрес жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді

Түркістан облысында АИТВ инфекциясына қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері облыстық «АИТВ-ның алдын алу және онымен ...