Атом электр станциясын салу ең әуелі оңтүстік өңірдегі ауыл-аймаққа ауадай қажет. Мамандар елу жылда электр қуатына тәуелділік Шымкент, Алматы, Қызылорда мен Таразда үш есе артады деп отыр.
Атом электр станциясының елімізге тигізер пайдасы мен зиянын саралаймын деген азаматтарға GOVkz порталы мен Egov mobile қосымшасында арнайы бөлім ашылған.
Жалпы қазір әлемде салынып жатқан станциялар 3+ буынымен бой көтеріп жатса, Қазақстанда дәл осы технологиямен салынуы мүмкін кешеннің механизмі бүге-шігесіне дейін жазылған. Елімізге қолайлы технологияны ұсынып отырған төрт компания жайлы мәліметтерді де осы жерден білсе болады. Ал шорт-парақтағы төрт мемлекеттің қайсысына таңдауымыздың түсетінін алдағы уақытта жүргізілетін келісімдер нәтижесі көрсетеді. Қазақстандықтардың алдында тұрған қазіргі қадам — 6 қазан күні өткізілетін референдумда өз таңдауын жасау.
Гүлмира Мұрсалова, ҚР Энергетика министрлігі департамент директорының орынбасары:
— Энергия тапшылығы Оңтүстік Қазақстанда бар. Солтүстік Қазақстанда бірыңғай электр жүйесі арқылы электрэнергия Оңтүстік жаққа таратылады. Негізі Оңтүстік Қазақстан жақта энергия тапшылығы бар. Сол себептен АЭС салуға Оңтүстік Қазақстан ең ыңғайлы.
Елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығы айырықша сезіледі. Былтыр жетіспеушілік сағатына 3,1 миллиард киловатт болды. Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Атом электр стансысын салуды қолдау жөніндегі халықаралық штаб мүшелері аймақтағы 300-ден астам азаматпен кездесу өткізіп, бұл нысанның маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ штаб облыстық ауруханада Денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесіп, атом энергетикасын дамыту перспективаларын талқылады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
— Мемлекет болашағына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен қоғамның пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Президентіміздің бұлжымас ұстанымы. Бұл – қоғамда жаңа саяси мәдениеттің қалыптасқанының көрінісі. Күнделікті өмірде, тіршілікте осының бәрін байқай бермейтін шығармыз. Бірақ әр қадамымызды анық басып, жоспарларымызды кезең-кезеңмен іске асырып келе жатырмыз. Түпкі мақсат, осы реформаларды әр отбасы, әр азамат сезінуі керек.
© «КТК» телеарнасы