Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас Бектенов Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында мегаполистің қазіргі даму барысымен және Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру шараларымен танысты.
Үкімет басшысы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековпен бірге «Оңтүстік» индустриалды аймағының аумағында сусындарға арналған алюминий қалбырлар мен қақпақтар шығаратын QazAlPack кәсіпорында болды. Өндірістік қуаты жылына 1,2 млрд дана банка шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта 360 адам жұмыс істейді.
QazAlPack ЖШС директоры Рустам Сухов автоматтандырылған өндіріс процесін таныстырып, қаптаманың бұл түрі өзінің тұтынушылық қасиеттері бойынша ең прогрессивті әрі экологиялық таза екенін айтты. Заманауи сапа стандарттары бойынша өндірілетін өнімдер ішкі нарықта сатылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталады. Мемлекеттік қолдау шаралары мен ИА аумағында құрылған қолайлы жағдайлардың арқасында компания 2025 жылға қарай екінші өндірістік желіні іске қосып, өнім көлемін 2,3 млрд банкаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов Шымкент қаласының жалпы индустриалды негізін жалпы ауданы 1 276 гектар 7 өнеркәсіп аймағы құрайтынын, онда бүгінде 293 жоба іске асырылғанын, 8,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын баяндады. «Оңтүстік» инвестициялық портфеліне жалпы құны 151,3 млрд теңгені құрайтын 70 жоба кіреді.
Үкімет басшысы сондай-ақ, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» мұнай өңдеу зауытында түрлі отын түрлерін өндірудің технологиялық тізбегімен танысты. Кәсіпорын жылына 6 млн тонна мұнай өңдейді. Шығарылатын өнім түрлерінің қатарына автомобиль бензиндері, дизель отыны, авиациялық керосин, сұйытылған көмірсутек газы, мазут және басқа да мұнай өнімдері жатады.
Премьер-Министрге Шымкент МӨЗ өндірістік қуатын жылына 12 млн тонна қайта өңделген мұнайға дейін ұлғайту жобасының басталғаны туралы баяндалды. Олжас Бектенов ЖЖМ нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті. Өңір мен МӨЗ басшылығының назары қайта өңдеу сапасын одан әрі жақсартуға, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ағыны мен «сұр экспортына» жол бермеуге аударылды.
Сапар барысында Премьер-Министр жаңа салынып жатқан бірқатар әлеуметтік және жол нысандары мысалында Шымкент қаласы бас жоспарының іске асырылуымен танысты. Онда жыл соңына дейін 2,6 мың пәтерге арналған 66 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары туралы баяндалды. Биылғы қорытынды бойынша 1,4 млн м2 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тұрғын аудандарда жайлы мектептер, емханалар, заманауи спорт кешендерінің, сондай-ақ Оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Премьер-Министр 36 тұрғын үй салынып жатқан Ақжайық шағын ауданына аралау барысында құрылыс сапасына және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесін одан әрі арттыру қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ, Үкімет басшысына қаланы айналып өтетін транзиттік көліктің өтуін қамтамасыз ету үшін ұзындығы 28,2 км «Қорғас-Алматы-Шымкент-Өзбекстан Республикасы шекарасы» А-2 автожолын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.
Қаланың одан әрі дамуы, өндірістік қуаттардың кеңеюі және жаңа инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылуы тұрақты және үздіксіз энергиямен жабдықтауды талап ететіні атап өтілді. Бүгінгі таңда Шымкентте жеке өндірілетін энергияның жалпы қуаты 120 МВт құрайды, сонымен бірге қала 400 МВт, сұраныстың ең жоғары кезеңдерде – 500 МВт қуатты тұтынады.
Үкімет басшысы қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық секторы елімізде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70%-ын қамтамасыз ететін көмір электр стансаларына қатты тәуелді екенін атап өтті. Алайда, бұл модель күрделі мәселелерге тап болуда, өйткені жұмыс істеп тұрған стансалардың тозу деңгейі жоғары. Биылғы 6 қазандағы референдумда оң шешім қабылданған жағдайда атом электр стансасы осы проблемалардың шешімі бола алады. АЭС тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алады. АЭС құрылысы энергетикалық және өнеркәсіптік өндірісті әртараптандыруға ықпал ететін болады, бұл ретте қалдықтарды жинау мен сақтаудан бастап утилизация мен қайта өңдеуге дейінгі басқарудың барлық аспектілері ескерілетін болады.
Сонымен қатар Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Қазақстан Премьер-Министрі ауыл шаруашылығындағы өңдеу, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі салаларының өкілдерімен кездесті. Президент Жолдауындағы өнеркәсіптік әлеуетті толық ашу және экономика өсімінің жаңа нүктелерін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру барысы мен шаралары талқыланды.
Премьер-Министр қаланың өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. «Химфарм» фармацевтикалық зауытының аумағында Үкімет басшысына өндірістік қуаттар жыл сайын 1 млрд бірлікке дейін таблеткалар, капсулалар мен түйіршіктер, 250 млн ампула инъекциялық ерітінділер және басқасын шығаруға мүмкіндік беретіні баяндалды. Фармацевтикалық кәсіпорын 89 аталым бойынша дәрілік заттарды жеткізеді. Қаланың фармацевтика саласында кәсіпорынның үлесі 99,2%-ды, республика бойынша – 43%-ды құрайды. Кәсіпорында 897 адам жұмыс істейді. Қызметкерлер Еуропа елдерінде үнемі бейіндік оқытудан және біліктілігін арттырудан өтеді. Үкімет басшысы фармацевтика өнеркәсібіндегі отандық өндірістің үлесін одан әрі арттырудың маңызын атап өтті.
Шымкент қаласының Алтынтөбе елдімекеніндегі «Алан және Компания» джем мен шырын өндіретін кәсіпорнына барған кезде зауыт сағатына 7 тоннаға дейін көкөніс пен жемістерді өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жабдықталғаны баяндалды. 45 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі орнатылған, алма, шабдалы, алмұрт және жүзім өсіріледі. Компанияға «Инвестициялық салымдар кезінде АӨК субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Импортты алмастыру мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспарға саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі қадамдар енгізілді. Ол үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз ету, сақтау сыйымдылықтары мен технологиялық жабдықтарды жаңғырту үшін инвестицияларды белсенді тарту, сондай-ақ қосымша өндірістік қуаттарды құру көзделген. Премьер-Министр аталған шаралар салаға елеулі қолдау көрсететінін және отандық қайта өңделген өнімдер өндірісін ұлғайтуға ықпал ететінін атап өтті. Бұл ішкі нарықты толтыруға және импортты алмастыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы The Coca-Cola Company сауда белгілері бар алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауытпен танысты. «Кока Кола Алматы Боттлерс» бірлескен кәсіпорны Шымкент қаласындағы сауда-логистикалық орталықтың аумағында орналасқан. Кәсіпорын газдалған, газдалмаған сусындар мен бөтелкедегі суды өндіреді, зауыттың қуаты – жылына 283 млн литр. 100 жұмыс орнын ашатын жобадағы инвестиция сомасы 27 млрд теңгені құрайды.
Премьер-Министр жергілікті жерлерде инвесторларға көрсетілетін қолдау шараларына, сондай-ақ олар шығаратын өнімнің сапасын үнемі арттырудың маңызына назар аударды. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру аясында дамудың ары қарайғы келешегіне назар аударылды.
«Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге экономиканың құрылымын өзгерту мәселесіне ерекше назар аударуды, еліміздің орнықты ілгерілеуін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тетіктерді қарастыруды тапсырды. Жеке инвестицияларды тарту маңызды. Жаңа кәсіпорындар ашылады, өйткені бұл экономикалық тұрғыдан тиімді. Сонымен бірге өнеркәсіптің әлеуетін одан әрі ашу қажет. Біздің алдымызда өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, бастапқы өндірістен жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығаруға көшу міндеті тұр. Үкімет өз кезегінде инвесторларға ел экономикасы үшін маңызды жобаларды іске асыруда қолдау көрсетеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-Министр бизнесті қолдаудың қолданыстағы шараларының тиімділігі мен нақтылығын одан әрі күшейтудің маңызына назар аударды. Өз кезегінде бизнестен экологияны қорғауға, мектептер мен балабақшаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды абаттандыруға, жаңғыртуға үлес қосатын әлеуметтік жауапкершілік күтіледі.
Дереккөз: «Шымкент келбеті» газеті