«Келісіп пішкен тон келте болмайды». Елдің ертеңі мен болашағына қатысты маңызды мәселер халықтың талқысына түсіп, қоғамның қазанында қайнауы тиіс. Содан кейін ғана маңызды шешім қабылданады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында АЭС бойынша референдум өткізілетін күнді атады.
«Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз».
Осыған орай құрылған штаб мүшелері энергетиктер мен экологтардың ғалыми дәлелдерін ұсынды. Айтуларынша елімізде энергияның 70% көмір электр станцияларынан өндіріледі. Бірақ халықаралық ұйымдар алдында, Қазақстан экологиялық тазалықты сақтау мақсатында мұндай қуат көзінен бас тартуға міндетті. Ал энергия өндіруде уран әлдеқайда қауіпсіз және мол қуат көзі екені түсіндірілді.
Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
— Халықаралық міндеттемелеріміз бар Қазақстанның. Осы 2060 жылға қарай көмірден бас тарту туралы. Қазір Еуро Одақ осы көмір электр өнімін, электр көзін көмір арқылы пайдаланған өнімдерге салық салу туралы мәселені көтеріп жатыр. Жалпы бұл болашақтың мәселесі. Ал нағыз тұрақты, орнықты энергия ол атомдық электр станциясы.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
— Елдің энергетикалық қауіпсіздігі… Халықтың саны өскен сайын ТЭЦ, ГЭС-тердің барлығы тозығы жетті. Екібастұздағы жағдай былтыр көрсетті қандай жағдайда екенін. Осылардан құтылу үшін болашақ ұрпақ үшін жасалатын үлкен тірлік деп бағалаймыз.
Қайрат Балабиев, Халықтық штаб мүшесі:
— Күн мен жарық – ол бірінші халыққа керек нәрсе. Біз қазір электр қуатын Ресейден, шамалы Қырғызстаннан да алып отырмыз. Былай атқан кезде бүкіл Шымкент қаласының өнеркәсібі бар, халқы бар соның 1 жылда пайдаланатын электр энергиясы тапшы бізде. Сондықтан да біздің келешек қазағымыз мықты болуы үшін, бай мемлекет болуы үшін біз электр энергия жағынан тәуелсіз болуымыз керек.
Демек, баламалы энергия көздерінің мүмкіндігі де, әлеуеті де төмен. Қуат көзіне деген тапшылықтан құтқара алмайды. Мамандардың топшылауынша, керітартпалыққа жол бермей, АЭС салуға бірауыздан жұмылу керек.