Ал, оған сіздің дауысыңыз өте маңызды
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың бір топ мүшелері қаладағы аса ірі кәсіпорын, «Су арнасы-Маркетинг» ұжымымен жүздесті. Алқақотан отырыста біраз мәселелер көтерілді. Алғашқы болып сөз алған қаланың қадірменді ақсақалы Досыбай Шерімқұлов көптің көңілінде жүрген түйткілдерді тарқатуды мысалдармен дәйектеді.
Біріншіден, АЭС елімізді экономикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді.
Екіншіден, осы күнге дейін өзімізде жетпейтін энергияны сырттан сатып алуға 100 млрд.теңге жұмсап келеміз. АЭС-ы салынғанда осы қаржы ел экономикасына қызмет етеді.
Үшіншіден, ел бюджетіне түсетін салық көлемі 3 млрд. долларға артады екен.
Досыбай Шерімқұлов атом реакторының он мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретіндігін айта отырып, оның экологиялық әлеуетін, ауаға көмірқышқыл газ қалдықтарын шығармайтындығын мысалдармен түсіндірді.
Халық арасында АЭС-ның қауіптілігі туралы пікір бар. Неге оның орнын жасыл энергия, атап айтқанда күн, жел және су энергияларымен алмастыруға болмайды?!
Досыбай Шерімқұлов тоқсаныншы жылдардың басында Созақ ауданында басшы болған. Қазақ кәсіпкерлері келіпті. Қытайдан жел диірмендер әкелген. Қазақстан Үкіметі, тиісті сала басшылықтарымен мақұлданған. Созақтың бірінші хатшысы қол қойса жапандағы қойшы, малшы біткен тегін жарыққа қарқ болып қалады.
— Созақта анау айтқандай жел жоқ қой,-дейді Досекең. –Бәрін бірден салып тастамай, тәжірибе үшін бір-екеуін іске қосып көріңдер.
Қырсыққанда үп еткен жел жоқ. Жел диірмен жарық бере алмапты.
Қыруар қаржыға келген жоба сәтсіз аяқталған.
Досекең жасыл экономика жабуымызды жаба тоқиды деген дәмемен жүргендерге жел, күн, судың табиғатқа тәуелді екендігін айтты. Су демекші, Қазақстанда арынды өзендер жоқ, сырттан келеді. Қырғызстаннан энергия сатып алу тәуелсіздігімізге сын. Айыр қалпақты ағайын көңіл күйі келмеген талай сәттерде энергия түгілі ГЭС-ін жауып тастайтындай әрекеттер көрсеткен. Сондықтан, қанша қымбатқа, тәуекелге түссе де АЭС-ы Қазақстанда салынуы керек. Ол үшін 6-қазан күні референдумда өз дауысыңды беруің керек.
Жиында біз де білгенімізді айттық. Отыздан астам елде 400-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Оларға қосымша 15 мемлекетте 62 жаңа реактор салу мәселесі шешімін тапты. Бейбіт атом-ядролық атомнан бөлек. Ешқандай мемлекет өз халқына жаулық ойламайды. Қауіпсіздік мәселесіне келсек, АЭС-ы салу, мердігерді таңдау МАГАТЭ-нің халықаралық стандартымен реттеледі. Жаңа технологияның +3 бөлінісі бойынша салынатын атом реакторы бар жағынан берік қорғалған. Сондықтан, қорқуға негіз жоқ.
Мәжілісті қалалық АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб жетекшісінің орынбасары Бақтыбай Әліпов қорытты.
Бақтыбай Қиянбекұлы әлемдік сарапшылар Атом электр станциялары ең қауіпсіз және сенімді қондырғылар екендігін айтып жүр. Сондықтан да өркениетті мемлекеттер өзінде жоқты атом реакторымен толтырып отыр деді.
Мәселен, АҚШ-да -94, Францияда-56, Қытайда-56, Жапонияда-12, Ресейде-36 және Оңтүстік Кореяда-26 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Яғни, АЭС-сы ең үздік технология ретінде тұрмыстық қажеттіліктен бөлек өндірісті өркендетіп отыр. Қазақстан өзіне жетпейтін энергияны сырттан 100 млрд.таған ақшаға сатып алады. Халық саны ұдайы өсіп келе жатқан, кәсіпорындар көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатқан мемлекетімізде электр энергиясын тұтыну жыл сайын көбеюде. Бұл күрделі мәселені көмір сияқты отынмен қамтамасыз етудің мүмкіндігі жыл сайын кұрделеніп келеді. ТЭС-ден жыл сайын ауаға 300 мың тоннаға дейін күлді түтін шығатындықтан халықаралық экологтар 2026 жылдан бастап санкция салмақ ниетте. Бұл орны толмас шығын.
Бақтыбай Қиянбекұлы жұрттың көңілінде жүрген біраз сұрақтарға толыққанды жауап берді.
Мәселен, халықаралық энергетика агенттігінің мәліметтері бойынша, жаңартылатын қуат көздері мен атом энергиясы алдағы үш жылда электр қуатының әлемдік жеткізілімінің өсу қарқынында басымдық орын алады. Бұл қосымша сұраныстың орта есеппен 90%-дан астамын қанағаттандырады. 2023-2025 жылдар аралығында жаңартылатын көздерден электр қуатын өндіру жылына 9%-дан астамға артады. Бұл барлық басқа көздерден алынған өсу қарқынынан айтарлықтай жылдамырақ. Олардың әлемдік энергетикалық баланстағы үлесі 2022 жылғы 29%-дан 2025 жылы 35%-ға дейін өседі.
Дәл осы кезеңде жаһандық атом энергиясын өндіру жылына орта есеппен 4%-ға дерлік өседі екен. (2015-2019 жылдардағы 2%-бен салыстырғанда). 2025 жылға дейін жыл сайын ядролық энергия қосымша 100 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді.
Соңғы елу жылда атом энергиясын өндіру 60 Гт-тан астам СО₂ шығарындыларының алдын алды. Бұл әлемдік энергетика секторының екі жылға жуық шығарындыларына тең.
Атом электр станциялары әлемдегі ең қауіпсіз және сенімді қондырғылардың бірі болып саналады. Дегенмен, адамдар мен қоршаған ортаға теріс салдары бар апаттар орын алуы мүмкін. Осындай апаттардың ықтималдығын азайту үшін МАГАТЭ мүше мемлекеттерге атом электр станцияларының қауіпсіздігін жақсарту үшін халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қолдануға көмектеседі.
Қазақстан азаматтары атом электр станцияларын тиімді басқаруға және оларға техникалық қызмет көрсетуге қабілетті кадрларды дайындау үшін қандай білім беру бағдарламалары мен зерттеулер қажеттігін ұдайы сұрайды. Бақтыбай Қиянбекұлы бұл сауалдарға еліміздегі бүгінгі жағдаймен сараптап берді.
Мәселен, бүгінгі таңда Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында 17,9 мыңға жуық адам жұмыс істейді (оның ішінде: уәкілетті мемлекеттік органда — 36, ғылыми-техникалық ұйымдарда — 2,9 мың, «Қазатомөнеркәсіп» ¥АК» АҚ-да — 15 мыңға жуық).
Атом өнеркәсібіндегі студенттердің саны 9000 адамға жеткен, (бакалавриат — 8441, магистратура — 512, докторантура — 260).
Анықтама: 2023-2024 оқу жылына атом өнеркәсібіне 5246 грант бөлінген, оның ішінде уран өнеркәсібі мамандықтары да бар.
«Ядролық физика», «Ядролық энергетикаға арналған материалдар», «Ядролық физика және ядролық энергетика» мамандықтары бойынша ағымдағы оқу жылында студенттер саны 253 адамды құрайды. 2011-2023 жылдар аралығында жоғарыда аталған мамандықтар бойынша бітірушілер саны 1649 адамға жеткен.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында МИФИ Ресей зерттеу университетінің филиалы өз жұмысын табысты жалғастырып келеді. ҚР ҰЯО РМК және ЯФИ РМК ғылыми бөлімдерінің базасында университет студенттерін ғылыми жобаларға тартуға барлық жағдай қарастырылған.
«ҚР ҰЯО» РМК базасында жыл сайын 120-дан астам студенттерге өндірістік тәжірибе ұйымдастырылады. Сондай-ақ, радиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандар даярланатын оқу-ақпараттық орталық жұмыс істейді.
Орташа алғанда, атом электр станциясын пайдалану кезеңінде жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2000 адамнан тұратын қызметкер қажет. Осы мақсатта болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, оның негізінде қажетті мамандар даярланатын болады. Бұл ретте атом электр станцияларының өнеркәсіптік өндірістік персоналының шамамен 20%-ын ядролық білімі бар өнеркәсіптік-өндірістік қызметкерлері құрайды.
Сонымен қатар, Қазақстанда екі ірі ғылыми-зерттеу ұйымы бар: Қазақстан Республикасының Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталығы және Алматыдағы Ядролық физика институты. Олар атом электр станцияларын құру процесін ғылыми-техникалық қамтамасыз ету қызметін атқарады.
Ұйым деректерінің маңызды объектілерінің бірі бірегей зерттеу ядролық реакторлары (ИВГ1.М, импульстік графит реакторы (ИГР), су-сулы зерттеу ядролық реакторы ВВР-К).
Осы ғылыми-зерттеу ядролық реакторларының іске қосылуымен Қазақстанға ғылыми тәжірибелер жүргізуге, сондай-ақ ядролық физика әдістерін еліміздің ұлттық экономикасының әртүрлі салаларына енгізуге кең мүмкіндіктер ашылды.
Әлемдік тәжірибе мен МАГАТЭ ұсынымдарына сүйене отырып, қазақстандық тарап әйгілі француздық Assystem инжинирингтік компаниясы бекіткен технологияларды бағалаудың өзіндік жүйесін әзірледі. 13 жоба зерттелді, 4 буын ІІІ+ реакторлары таңдалды.
Жабдықтаушылар немесе технология жеткізушілері Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Франциядан келген 5 компания болып табылады. Бұл мемлекеттерде маңызды ядролық энергетикалық мүмкіндіктер бар, олардың қауіпсіздігі уақытпен сыналған. Америка Құрама Штаттарымен бірге олар әлемдегі ең ірі бес реактор операторларының қатарына кіреді.
Қалалық АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб жетекшісінің орынбасары Бақтыбай Әліпов көптің көңілінде қордаланған мәселелерге осылайша жауап берді. Сөз ыңғайында айта кетейік, қаладағы ірі кәсіпорындардың бірі «Су арансы — Маркетинг» ұжымы АЭС салуды қолдайтындықтарын айтты.