«Адамның танымы неғұрлым биіктеген сайын дүниенің көкжиегі де соғұрлым кеңейе бермек» деген екен ұлы ойшыл А.Н.Радищев. Басқаларды білмеймін, дәл осы сөздердің ұстаздарға жүз пайыз қатысы бар деп есептеймін.
Өйткені, ғарыштық дәуірде өмір сүріп отырған олардың бүгінгі замана көшінен қалып кетуге қақылары жоқ. Технологияның қарыштап дамып жатқан кезеңінде мектеп қабырғасында отырған шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру – мұғалімдердің азаматтық борышы.
Байыптап қарасақ, қазіргі оқушыны бұдан жиырма-отыз жыл бұрынғы оқушылармен салыстыра алмайсыз. Себебі, ол кездегі жағдайды бүгінгі жағдаймен салыстыруға келмейді. Бүгінде ғаламдағы жаңалықтардың барлығы интернет арқылы көз алдыңда тұр. Кез келген мемлекетке шыға аласың. Ол аз десеңіз, ұялы байланыс дегеніңіз тағы бар… Бұрынғы ардақты жандарымызға жүрек лүпілін білдіре жазатын сағыныш хаттардың орнын енді қимылы жылдам уатцап басты. Бұл құбылыстардың бәрі жақсы болғанымен, осы жауапты сында ұстаздардың алатын орны қай дәрежеде деп ойлайсыз? Көпке топырақ шаша алмайсың, әрине. Өзінің телегей-теңіз білімімен, қарымды қабілетімен жаңа технологияны жатсынбай, біте қайнасып кеткен ұлағатты ұстаздарымыз аз емес. Дарындылығын бүкіл республика мойындаған мұғалімдеріміз де Құдайға шүкір, арамызда жетіп-артылады.
Дегенмен, өз ісіне жүрдім-бардым қарайтын мұғалімдердің де кездесіп қалатынын қалай жасырайық?! Өз басым ойларын шәкіртке сапалы білім берсем дегеннен гөрі көп ақша тапсам деген «арман» жайлаған ұстаздардан қатты сескенемін. Оған келтіретін дәлелдерім де жетерлік. Егер менің сөзіме мұқият құлақ түрер болсаңыз, ерінбей айтып берейін. Бір шаңырақтың астында тұратын ерлі-зайыпты мұғалімдерді жақсы танимын. Қазіргі заманға сай тұрмыстары да жаман емес. Орталықта зәулім үйде тұрады. Күйеуі түске дейін мектепте болады да, үйіне қарай асығады. Келе сала жеке көлігімен адам тасиды. Кейде тапсырыспен Тараз, Шымкентке де барып қайтады. Әйелінің де тіршілігі күйеуіне ұқсас. Қызметінен келеді де бірден саудаға шығып кетеді. Сонда деймін-ау, олар қай уақытта сабаққа дайындалады? Жұмыс жоспарын қашан жазады? Оқушылардың шығармаларын қай уақытта тексеріп үлгереді? Олардан білім алған оқушылар ертең қандай азамат болып шығады?
Жақында сол таныс інімнің жеке көлігіне отыруға тура келген. Байқаймын, ол тым көңілді сияқты.
– Түнде Түлкібас стансасынан Балықтыға төрт адамды он мың теңгеге апарып салдым. Одан аудан орталығы мен Тараздың арасына тапсырыс түсіп, ой бір қолым жүрді дейсің. Сенесіз бе, ағасы, айналдырған бір жарым күнде отыз мыңдай ақша таптым. Айналайын, Құдайым-ай, ең алдымен астымдағы «темір тұлпарым» аман болсын, – деп желпініп отыр.
– Сен осы мұғалім емессің бе? Қай сабақтан бересің? – дедім оның түпкі ойын білейін деген оймен.
– Географиядан, – деді ол тағы да көңілді үнмен.
– Сонда сен сабағыңа қай уақытта дайындаласың, қалай үлгересің бәріне? – деп сауалды төтесінен қойдым.
– Ой, сіз де қызық екенсіз? Маған дайындықтың керегі қанша? Онсыз да бес жыл институтта миымды шіріткенім аз ба? Қырық бес минутта айтарым таусылмайды. Оның үстіне бүгінгі балалар білім алуға құлықсыз. Ең бастысы, маған білім беру емес, ақша табу керек, ағасы. Білесіз бе? – деп география пәнінің мұғалімі орындығына шалқая түсіп, қарқ-қарқ күлді.
Мен одан әрі тіс жарғам жоқ. Өйткені, бәрі айтпаса да түсінікті еді. Көкейін білім емес, ақша тескен оған не дейсің?
Дегенмен, «сонда ұстаз беделі деген қайда қалды?» деп бәрібір ойланады екенсің…
Орынтай КӨМЕКОВ.
Түлкібас ауданы.
«Ońtústik Qazaqstan» газеті