Түркістан облысында 104 мекеме спортты дамыту бағытында жұмыс істейді.
39 спорт нысанында бокс үйірмесі бар. «Бекзат Саттарханов сияқты олимпиада чемпионы боламын» деген жеткіншектерге, қандай жағдай жасалған? Жасөспірімдердің боксқа қызығушылығы қалай? Өңірдегі бокс мектептерінде маман жеткілікті ме?
Бұл жеткіншектер Токиодағы Олимпиаданың қола жүлдегері Сәкен Бибосыновтың жанкүйерлері. Әбдісалам Нұрмаханов атындағы облыстық спорт мектебінің шәкірттері. Бибосыновтың түрік былғары қолғап шеберімен өткен алғашқы жекпе-жегін тікелей эфирде тамашалауға келіпті.
Нұрислам Сейілхан, жас боксшы:
— Бүгін біз бәріміз Сәкен ағаны қолдауға келдік. Сәкен ағаны жеңісімен құттықтаймыз. Өскенде Сәкен аға және Бекзат Саттарханов ағамыз сияқты боксер болғымыз келеді.
Қуаныш Құралбек, жас боксшы:
— Бізде осы боксқа қатысатын балалармыз. Сәкен ағамыз секілді болып, көк туды желбіреткіміз келеді. Достарымызбен бірге бүгін Сәкен ағамыздың боксын тамашалауға келдік.
Амфитеатрда тікелей эфирде көрсетілген бокс кешін тамашалауға қала тұрғындары мен бірге жас боксшылардың ата-аналары да келді. Түркістан өңірінің өрені Сәкенге балаларымен бірге қолдау көрсетті.
Нұрлыбек Тасыбеков, қала тұрғыны:
— Сәкен Бибосынов бауырымызға жанкүйер болып келіп отырмыз. Менің де балам осы боксқа қатысады. Сәкен ағасы, Бекзат ағасы сияқты чемпион болғысы келеді. Чемпиондар шыға берсін.
Бүгінгі күні Түркістандағы Әбдісалам Нұрмаханов атындағы облыстық спорт мектебі балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулитын бірден-бір қара шаңырақ саналады. Мұнда мыңнан аса бала спорттың 17 түрімен шұғылданады. Соның ішінде боксқа қызығушылық өте жоғары, — дейді бапкерлер. Себебі мұнда Бекзат пен Сәкенннің болашақ ізбасарлары өсіп келе жатыр.
Болат Қазыбаев, жас боксшы:
— Боксқа қатысып жатқаныма 1,5 жылдай болды. 2010 жылғымын, спорт шеберімін. Чемпион боласыңдар деп бізге де ағаймыз үміт артып отыр. Болашақ арманым олимпиада ойындарын бағындыру.
Дулат Оразбекұлы, Ә. Нұрмаханов атындағы облыстық спорт мектебінің жаттықтырушысы:
— Өзімнің қолымда қазір 50-ден аса бала бар. Түркістаннан Бекзат Саттарханов ағамыз шыққаннан кейін боксқа деген қызығушылық өте көп. Бала саны күн сайын артып жатыр.
Облыс аумағында спортты дамытуға бағытталған жүзден аса мекеме жұмыс істейді. Қырыққа жуық спорт нысанында бокс үйірмелері бар. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен жоғары спорт шеберлігі мектебінде дайындалса, кәсіби спортшылар бокс клубында жаттығады. Жалпы өңірде 60 мыңнан астам спортшы 61 спорт түрімен шұғылданады. Оларға 3 мыңға жуық жаттықтырушы қызмет көрсетеді.
Жазира Мусилимова, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
— Соның ішінде 50 мыңнан астамы балалар мен жасөспірімдер. Оның ішінде 5 мыңнан астам бала таза бокспен айналысады. Олар біздің облыстың аудан-қалаларында, облыс орталығындағы спорт мекемелерінде шұғыданады. Осы бокс үйірмелерінде 210 жаттықтырушы таза балалар мен жасөспірімдермен жұмыс істеп жатыр.
Жалпы Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 3 мыңнан аса ірілі-ұсақты спорт алаңы бар. Онда бес жүз мыңға жуық адам спортпен тұрақты түрде айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады.
© «24kz» телеарнасы