Бүгінде облыс орталығында жаңа мектеп құрылыстарынан бөлек, бірқатар білім ошақтары жөндеуден өткізіліп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түркістан қаласындағы оқу нысандарын аралап, жүргізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен Әйтеке Би атындағы №26 мектебіне барып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына қанықты. 300 оқушы орынға арналған білім ошағы 2013 жылы пайдалануға берілген. Былтырғы техникалық тексеру жұмыстарының қорытындысына сәйкес, мектептің кейбір бөліктері қауіпті деп танылған. Бүгінде 30-ға жұмысшы еңбек етіп жатыр. Бөлме іштерін бөліп тұрған жарылған қабырғалар алынып толық қалпына келтірілді. Сыртқы және ішкі есіктер толық ауыстырылды. Асханадағы және кейбір бөлмелердің кәріз жүйелері ауыстырылды. Мектеп қабырғаларын қырып сылау жұмыстары жүргізіліп, сыртқы қасбеттер темір сайдингмен қапталды. Едендер жаңартылды. Жылу жүйелері жүргізіліп, мектеп айналасы ретке келтірілді. Қалған жұмыстар тамыз айының соңында аяқталады деп жоспарлануда.
2007 жылы пайдалануға берілген Б.Момышұлы атындағы №22 жалпы білім беретін мектеп 800 орынға арналған. Шатыр жабылып, мектеп сырты толық боялды. Электр сымдары, ішкі және сыртқы шамдар ауыстырылды. Мектеп дәліздері ретке келтірілді. Әжетханада жаңартылды. Алты оқу кабинетінің едендеріне тақтай қағылды, тоғыз сыныптың жылу жүйесі ауыстырылды. Биыл аталған екі мектепті ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжат жасалынып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған. Қазіргі таңда облыстық бюджет есебінен толық қаржыланжырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Білім ошақтарын мұқият аралаған Бейсенбай Дәулетұлы құрылыстардың сапасына аса мән беру керектігін айтты. Сонымен қатар жауаптыларға жаңа оқу жылы қарсаңында жұмыстарды толық аяқтауды тапсырды.
«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде 2000 орындық жаңа білім ошағының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл соңында қолдануға берілу жоспарлағанымен, қыркүйек айында оқушыларды қабылдайды деп күтілуде. Бүгінде мектеп ғимаратында 350 жұмысшы жұмыс істеп жатыр. Бөлме іштері ақтап, жылу жүйелері жүргізілуде. Сыртқы және ішкі есіктер орналастырылуда. Сырқы қасбеттер қапталуда, едендері мен қабырғаларына кафель жабыстыру жұмыстары жүргізілуде. Мектеп айналасына бетон төсемелер төселіп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары жаңа білім ұясын ашып, оқушыларды уақытылы тіркеу, сондай-ақ білікті педагог құрамын қалыптастыру сынды жұмыстарды қолға алу жөнінде тапсырма берді.
Құрылысты қажет ететін тағы бір білім ошағы – С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернаты. 1976 жылы пайдалануға берілген бұл нысан 530 оқушы орынға арналған. Ескі жатақхана ғимаратын аралап, алда жүргізілетін жұмыстарды пысықтады.
Айта кетейік, еліміздің рухани астанасында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде 3, мемлекеттік бюджеттен 1 мектеп бой көтеруде. Аталған 4 білім ошақтары жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде.