Алты жыл бұрын жаңа Түркістан облысы құрылды. Бүгінде Түркістан тек облыс орталығы ретінде ғана емес, түркі әлемінің рухани мәдени орталығы болып қалыптасты. Бүгін өңір басшысы Дархан Сатыбалды 30 тамыз – Конституция күніне арналған салтанатты шарада өңірдің бірқатар жетістіктеріне тоқталды,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасиетті қалада түрлі нысандар бой көтеріп, инфрақұрылымы қалыптасқан жаңа сәулетті шаhарға айналды. Биыл Түркістан қаласы түркі әлемінің туристік астанасы болып жарияланды. Киелі қалаға Мемлекет басшысының тапсырмасымен ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда. Алдағы уақытта бұл құжат өңірдің дамуына айрықша серпін бермек. Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқынды жүруде.
Облыс экономикасының басты көрсеткіші жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы 7 айда 2,9 трлн теңгеге жеткен. Ауқымды өндіріс орындарын қалыптастыруға энергетика тапшылығын шешу үшін маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Сайрамда 1 000 МВт станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Түлкібаста 320 МВт, Кентауда 240 МВт газ турбина станциялары, Сауранда 300 МВт күн электр станциясының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Жаңа өнеркәсіп көздерін ашуға қажетті электр қуатымен қамтамасыз етеді. Электр энергия бағасы 47 теңгеден 25 теңгеге түсірілді.
Өнеркәсіп өнім көлемі биыл 7 айда 6,6 пайызға артып отыр. Сауран ауданында 100 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік парк жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жерде 160 өндірістік ғимарат салынып, 100 астам инвестициялық жоба іске қосылады. Нәтижесінде 5 000 жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда парк аумағында жиһаз фабрикасы іске қосылды, жаңбырлатып суғару қондырғылары өндірісі ашылды, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар қолданысқа берілді.
Басқа индустриялды аймақтарымызда аллюминиум, тау-кен металлургия, құрылыс материалдары, жиһаз және сусындар өндіру зауыттары алдағы уақытта ашылады. Жалпы 87 жоба іске асырылуда. Өндірісті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар әлі де жалғасады. Облыс экономикасына инвестиция тарту өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,2 есеге артты.
Экономиканың дамуына тың серпін беретін жалпы құны 145 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Биылғы 7 айда 25 жоба іске қосылып, 866 жұмыс орны ашылды. Өңір экономикасының маңызды саласы ауыл шаруашылығында өнім көлемі артты. Осыған сәйкес, өндірілген өнім көлемі бойынша облыс республикада ең жоғарғы көрсеткішке ие болды.
Бүкіл дүние жүзінде жыл сайын ағын су тапшылығы артып келеді. Осыған орай, суды көп тұтынатын дақылдар алқабын 10 мың гектарға қысқартылды. Су үнемдеу технологиясының қол жетімділігін арттыру мақсатында «Жылына 1 000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы «50 мың гектар тамшылатып суғару өндірісі» қолданысқа беріледі. «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорны жылына 9 мың гектар аумақты тамшылатып суғару жүйесі өндірісі іске қосылуда. «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ал «Боралдай» су қоймасының құрылысы келесі жылы басталады.
Заманауи технология мен озық тәжірибені қолдана отырып мақта-тоқыма кластерін құруды қолға алдық. 200 мың шаршы метр құрайтын зауыт және фабриканың құрылысы басталды. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін қолдана отырып, облыста 3 сүт фермасы іске асырылады. Демографиялық өсімге байланысты жыл басынан бері тұрғын үйлер пайдалануға берілуде. Нәтижесінде, кезекте тұрған 5 мыңға жуық отбасының баспана мәселесі шешіледі.
Өңірде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 49 нысанның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, қосымша 3 ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Былтыр атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын 21 пайызға төмендеді. Биыл тағы да 26 пайызға дейін азайту жоспарланған. Нәтижесінде, кедейшілік деңгейі төмендейді деп күтілуде. Өз ісін ашуға ниет білдірген 1 793 адамға қайтарымсыз грант ұсынылады. 621 жасқа 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие қарастырылған.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ауылдық жерлерді дамыту мақсатында 2024 жылға «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 181 елді мекенде 211 жобаны іске асыруға қаржы бөлінді. Жоғарыда аталған шаралардың барлығы экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге нақты ықпал етеді.