Шымкентте «Цифрлық мұғалім» жобасы жүзеге асырылады (видео)

Шымкентте жаңа оқу жылынан бастап «Цифрлық мұғалім» жобасы жүзеге асырылады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл үлгерімі төмен оқушыларға негізгі пәндерді тереңдетіп оқытып, білім деңгейін көтеруге мүмкіндік бермек. Бұл туралы педагогтардың тамыз кеңесінде айтылды. Дәстүрлі жиында «Жаңа замандағы білім беру» тақырыбы талқыланды.

Жаңа оқу жылының алдында 10 ұстазға құрмет көрсетілді. Олар білім жүйесін дамыту жолында жаңа жобалар ұсынып, тың әдістеме әзірлеген. Білікті кадрларға «Алтынсарин» атындағы төсбелгі тағылып, құрмет грамотасы табысталды. Конференцияға келген мұғалімдерді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құттықтап, білім саласындағы цифрлық дамуды сөз етті.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
— Шымкент қаласы бойынша педагогтардың платформалары, аттестациясы, сонымен қатар цифрлық білім беру платформалары, ақпараттық электрондық журнал және қауіпсіз мектеп автоматтандырылған жүйесі жүзеге асырылып жатыр.

Мұғалімдердің алдындағы маңызды міндет – жаңа технологияларды тиімді қолдану болмақ. Ол үшін қосымша 1731 спутник орнатылып, мектептердегі интернет жылдамдығы артырылды.

Ақзира Қасымова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің департамент басшысының орынбасары:
— Биыл білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің жаңа моделі қалыптасты. Бүгінгі таңда оқулықтар 100% цифрлық форматқа ауыстырылды. Олар қазір 11 платформада қолжетімді.

Жаңа оқу жылында қолданылатын цифрлық жаңашылдықтар көрмеде таныстырылды. Солардың бірі – оқушылардың тегін тамақпен тұрақты қамтылуын қадағалап, қауіпсіздігіне көз жеткізуге мүмкіндік беретін «Алақан» жобасы.

Берік Нұрымбетов, компанияның бас директоры:
— Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде бір мектепке орнаттық. Қыркүйекте тиімділігін көреді. Әрі қарай басқа мектептерге де орнатуды қарастыра бастаймыз.

Биыл білім беру саласын қаржыландыру былтырмен салыстырғанда 21,9 миллиард теңгеге артқан. Сондықтан сапалы білім беру талап етіледі. Тамыз кеңесінде жүздеген мұғалім өткен оқу жылындағы олқылықтарды талқылап, жаңа міндеттер алады.

© «24kz» телеарнасы

x

Check Also

2026 жылы мектептердегі барлық пәнге ЖИ элементтері қосылады (видео)

2026 жылы мектептердегі барлық пәнге жасанды интеллект элементтері қосылады, деп хабарлайды 24kz. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, отандық білім беру жүйесінде цифрландыруды ...

В Шымкенте открылся международный театральный фестиваль

В честь 95-летия академического казахского драматического театра им.Ж. Шанина в Шымкенте стартовал IX Международный театральный фестиваль театров стран Центральной Азии. ...