Шымкентте 2 емхана мемлекет меншігіне қайтарылды (видео)

Шымкентте екі қалалық емхана мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды 24kz.

Медициналық мекемелер 2021 жылы жеке кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілген. Олар материалдық базаны жаңартып, жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек еді. Бірақ міндеттемелер толық орындалмаған. Оған қоса келушілерден де шағым көбейді. Емханалардың ендігі жағдайы не болмақ?

45 мыңнан аса адам тіркелген мына емхана 3 жыл бұрын сенімгерлік басқаруға берілген. Басқарушы компанияға медициналық мекемені жаңғыртып, қажетті құрылғылармен қамту міндеттелді. Бірақ бөлім меңгерушісі Фарида Қалдыбекованың айтуынша, ешқандай жағдай жасалмаған.

Фарида Қалдыбекова, қалалық №13 емхананың бөлім меңгерушісі:
— Қызметкерлердің жалақысын көтереміз деп уәде етті. Мысалы, дәрігерлерге айына жарты миллион теңге төлейтінін айтты. Түрлі жабдықтар әкелуге де сөз берген. Бірақ ештеңе жоқ.

Емхананың жұмысына науқастардан да жиі шағым түседі. Ескі медициналық жабдықтар мен мамандардың тұрақтамауы сынға алынды. Мегаполис тұрғандарына сапалы медициналық қызмет көрсетілмеген.

Фаниса Шегай, қала тұрғыны:
— Жекеменшікке өткенде дәрігерлер жиі ауысты. Қазір учаскелік дәрігеріміз келді. Енді жағдай реттеледі деп ойлаймын. Мұндағы медбикелер де жақсы.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы ғимаратты жөндеп, жабдықтарды ауыстыруды міндеттеген. «Бірақ олар орындалмады. Сол себепті емханалар мемлекет меншігіне қайтарылды», – дейді басқарма басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Нұрлыбек Асылбеков, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
— Келісімшарттағы олардың жасайтын инвестициялық құюлары уақытылы болмаған, соған байланысты тиісті медициналық жабдықтар жаңадан алынбаған. Кейбір жағы тозығы жетіп, ол жөнделмеген. Мынау жөндеу жұмыстарының кейбір жерлері де сапасыз жасалған. Толық жасалмаған. Осыған байланысты осындай шешімдер қабылданып, емханалар мемлекетке қайтарылды.

Медициналық мекеме енді аккредиттеуден өтеді. Қазір қажетті жаңа жабдықтар бюджет есебінен сатып алынды. №2 емхана да мемлекет меншігіне қайтарылды. Онда да инвестор міндеттемелерді орындамаған.

© «24kz» телеарнасы

x

Check Also

Шымкентте 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілуде

Шымкент қаласында 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта 15 тамыз бен ...

Түркістанда АИТВ инфекциясына қарсы күрес жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді

Түркістан облысында АИТВ инфекциясына қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері облыстық «АИТВ-ның алдын алу және онымен ...