Сауран ауданындағы А.Байтұрсынұлы атындағы жалпы орта мектебінде білім беру саласы қызметкерлерінің DIGITAL KAZAKHSTAN: «Жаңа замандағы білім беру» тақырыбындағы аудандық тамыз педагогикалық кеңесі өтті,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығы директорының орынбасары Ақнұр Сейдалиева, аудандық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, республикалық «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің Түркістан облысы бойынша атқарушы директоры Бекмомын Теміров, «Nomad School» инновациялық мектеп-лицейінің директоры Абибулла Смайл, мектеп директорлары, мұғалімдер, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері, әдіскерлер, тәрбиешілер, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев DIGITAL KAZAKHSTAN: «Жаңа замандағы білім беру» тақырыбында баяндама жасап, бір топ ұстаздарға аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Сонымен қатар, Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығы директорының орынбасары Ақнұр Сейдалиева еңбектері ерен ұстаздарға ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» мен «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерін табыстады. Аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Фатима Рысбекова бір топ мұғалімге «Кәсіподаққа еңбегі сіңген» төс белгісімен марапаттады.
Бүгінгі дәстүрлі тамыз конференциясы жаңа оқу жылын бастауға бағыт-бағдар беріп, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін ұстаздар қауымына жаңа міндеттер жүктейді. Қазіргі таңда білім беру жүйесінде жасанды интеллектті енгізудің алғышарттары қалыптасты. Жасанды интеллект технологияларын білімге сауатты енгізу-оқытудың тиімділігін, жеке оқушыға бағытын қамтамасыз етеді. Ал, бұл өз кезегінде білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Әрине, бұған интернеттің жоғары жылдамдығы арқылы жетуге болады. Сауран ауданда 41 мемлекеттік мектеп интернет жүйесімен қамтылып, жылдамдығын ретке келтіру мақсатында облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы арқылы 15 мектепке «Starlink» құрылғысы орнатылды», — деді Бақытжан Кеңесбекұлы.
Жиын барысында Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығы директорының орынбасары Ақнұр Сейдалиева, «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің атқарушы директоры Бекмомын Теміров, «Nomad School» инновациялық мектеп-лицейінің директоры Абибулла Смайл, аудандық №1 жалпы білім беретін мектептің директоры Хамида Чалдановалар баяндама жасады.