Елімізде ашылған шетелдік университеттер

Еліміздегі шетелдік оқу орындарының филиалдарында «Қазақ тілі» мен «Қазақстан тарихы» пәнін оқыту негізгі міндеттердің қатарына кіреді. Бүгінде Қазақстанда 27 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылған.

– Негізі «филиал» атауы көпшіліктің қабылдауына ыңғайлырақ болуы үшін қолданылады. Ал, шын мәнінде бұларды «стратегиялық серіктестік» деп атау дұрысырақ шығар. Көп жағдайда қазақстандық жоғары оқу орны негізінде шетелдік университеттердің оқу бағдарламаларын оқытатын бөлек бірлік құрылады. Бұл филиалдар ұлттық заңнамаға сәйкес Әділет министрлігінде есептік тіркеуге тұрады. Сонымен қатар, басқа ЖОО-дан тәуелсіз бөлек орналасқан филиалдар да бар, бұлардың бір бөлігі жеке заңды тұлға ретінде тіркелсе, басқалары есептік тіркеуге тұрады, – дейді Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаева БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Министрлік мамандарының айтуынша, елімізде шетел университеттерінің филиалын ашуға екі жақтан да қызығушылық бар. Бастапқыда қазақстандық ЖОО шетелдік серіктестеріне филиал ашу туралы ұсыныс жасаған болса, соңғы уақытта кейбір шетелдік университеттер Ғылым және жоғары білім министрлігіне тікелей немесе қазақстандық университеттерге тиісті ұсыныспен келіп жатыр.

– Отандық және шетелдік университеттердің филиалдарының қызметі 2007 жылғы 27 шілдеде қабылданған «Білім туралы» заңына сәйкес реттеледі. Шетелдік филиалдар ҚР жоғары білім заңнамасында көзделген стандарттар мен талаптарды сақтауға міндетті. Сондай-ақ, министрлік заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті бақылау жүргізеді. Сонымен қатар білім беру қызметі тиісті лицензия алу негізінде жүзеге асырылады, – дейді ведомство өкілдері.

Елімізде ашылған шетелдік университеттер мынадай талаптарды орындап, шарттарды қамтамасыз етуі тиіс: алдымен білім беру бағдарламаларының арнайы дайындалған тізілімге сәйкес келуі қажет. Оқытушылар құрамы мен оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтылған кітапхана қоры болуы тиіс. Сонымен қатар, оқу корпустары мен үй-жайлары (аудиториялар, кабинеттер, шеберханалар, спорт залдары, студиялар, зертханалар, акт залы, кітапхана), білім алушылардың тамақтануын және медициналық қызмет алуын ұйымдастыру үшін қажетті жағдай жасалуы керек. Мұқтаж білім алушылардың тұруы үшін үй-жай (жатақхана, хостель), интернет, компьютерлік кабинеттер, мамандандырылған лицензиялық бағдарламалар, оқу-зертханалық және материалдық-техникалық база, білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуі керек.

Сондай-ақ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша да қойылатын талаптар бар. Олардың негізгісі оқу бағдарламасына «Қазақ тілі» және «Қазақстан тарихы» пәндерін міндетті түрде енгізу керек. Одан бөлек, филиалдың профессор-оқытушылар құрамының жалпы санының кемінде 30%-ын шетелдік профессор-оқытушылар құрауы тиіс.

Дереккөз: okg.kz

x

Check Also

Экономика РК теряет миллиарды из-за схем по дроблению бизнеса

В Казахстане зарегистрировано 2,3 млн налогоплательщиков, но из них только 8% платят НДС. В Казахстане сохраняется проблема налогового дробления, которая ...

«Anti-Corruption Excellence Award» Халықаралық сыйлығы туралы хабарлама

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі (бұдан әрі — Агенттік) «Anti-Corruption Excellence Award» Халықаралық сыйлығына Қазақстаннан үміткерлердің жедел қатысуын қамтамасыз ету ...