Білім саласына берері көп жоба

Түркістан облысында биыл бірінші сыныпқа 52 593 бала қабылданады, жалпы өңірдегі мектептерде 530 мың оқушы білім алады. Еліміз бойынша білім нысаны ең көп салынып жатқан аймақта жаңа оқу жылында мектеп саны 1052-ге жеткен. Жекеменшік 143 мектепте 35 мың оқушы оқиды. Дегенмен демографиялық өсімі жоғары об­лыста мектеп тапшылығы мә­селесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағытта ауқымды жұмыс­тар атқарылып келеді, шешімін күткен мәселелер де баршылық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ар­наған Жолдауында әрбір оқу­шының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс екенін атап өткен еді. Осы мақсатта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндет­тің бірі болуы керек», деді Президент. Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асы­ру мақсатында атқарылып жатқан жұ­мыстарға тоқталсақ, өңірдегі 4 апат­ты мек­тептің үшеуінің құрылысы жүргі­зі­ліп жатыр. Жыл соңына дейін пай­да­ла­нуға беру жоспарланған. Үш ауы­сым­ды 5 ­мектепке қажетті қосымша ғи­ма­раттардың құрылысын да жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Мемлекеттік 910 мектептің 753-і типтік ғимаратта, 157-сі ыңғайластырылған ғимаратта орна­ласқан. Өңірде ғимараты әбден тоз­ған мектеп көп. Апатты деп танылған мек­тептердің 60 пайызының мәселесі жаңа мектептер салу ар­қы­лы шешіледі. Бұл ретте үнемделген қар­жы есебінен де көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне қарағанда, өңірде 121 мектеп күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бүгінде 66 мектептің жобалық сметалық құжаты дайын. Облыстағы 321 білім мекемесінде жөндеу жұмыстары жүруде, жалпы құны – 20,1 млрд теңге. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына білім саласынан үнемделген бюджет қаржы­сы есебінен 10,2 млрд теңге қаралған. 106 білім беру мекемесінің жылу жүйесін табиғи газға ауыстыру жұмыстары ат­қарылуда, оның жалпы құны – 2,1 млрд теңге. Мемлекеттік 1 279 білім нысаны­ның 63-і орталықтандырылған жылу жү­­йесі арқылы, 1 216-сы автономды жылы­ту қазандықтары арқылы жылытыла­ды. Аталған білім нысандарының 84%-ы немесе 1074-і сығымдау жұмыстары­нан өткізіліп, 664-іне жылу маусымына дайындық актілері берілген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсыр­масымен білім ұяларын реттеу, қал­пы­на келтіру, жаңарту жұмыстары қар­қынды атқарылуда. Ғимараттардың құрылыс сапасы қатаң бақылауға алын­ған. Биыл 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 5 мектеп 1 қыр­күйекте пайдалануға берілмек. Ал «Жай­лы мектеп» білім беру саласындағы қанатқақты ұлттық жобасы» аясында об­лыста 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Биыл 22 900 орындық 29 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Оның 7-еуі толық құрамда жаңа жайлы мектепке көшіріледі. Қалған 22 мектепке оқушылар әр мектептен жиналады. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен 20 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 13-і биыл пайдалануға беріледі.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру міндеті «Samruk-Kazyna Construction» ұлттық компаниясына ­жүк­телген. Ерекше мектептердің құ­ры­лысы барысында орын алып жатқан ­өзек­ті мәселелер де баршылық. Кей құры­лыс компаниялары мектеп құрылысын жос­пардан кешіктіруде. Мердігерлердің бірі оның себебін құрылыс материалдары­ның бағасы шарықтап, жеткізу мерзімі­нің ­созылуымен байланыстырса, енді бірі жұмыс қолының жеткіліксіздігін, тағы бірі сараптама қорытындылары мерзімі­нің созылуын айтып отыр. Бұл орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалды жуырда өткен арнайы жиында мерзімдердің бұзы­луы­на жол беруге болмайтынын айтты. «Бұл жобаның іске асырылуы – бәрімізге сын. Сондықтан мойындарыңызға ал­ған жауапкершілікті сезініп, жұмысты мерзімінде және сапалы аяқтауға бар күшті салыңыздар. Әртүрлі сылтау, бос сөз айтып, баланың тірлігін жасаудың қажеті жоқ. «Көтере алмайтын шоқпар­ды беліңе байлама!» деген, енді ақталу ар­тық. Әр нәрсенің сұрауы бар. Кедергі­лер ­болса, дер кезінде көтеру керек. Мер­зім­дер­дің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бұл ретте жұмыс­тар­дың сапасы ақсамауға тиіс. Олай болма­ған жағдайда жауапты тұлғаларға шаралар қолданылатын болады», деді Дархан Сатыбалды. Облыс орталығы Түркістанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде – 3, мемлекеттік бюджеттен 1 мектеп бой көтеруде. Аталған 4 білім ошағын жыл соңына дейін ел игілігіне беру жоспарланған. Ұлттық жоба шеңберінде салынып жатқан 2000 орындық жаңа білім ошағын жыл соңын­да қолдануға беру жоспарланғанымен, қыркүйекте оқушыларды қабылдайды деп күті­лу­де. Бүгінде мектеп ғимара­тын­да 350 жұ­мысшы еңбек етуде. Облыс орталығында жаңа мектеп құры­лыс­тары­нан бөлек, бірқатар білім ошақтары жөндеуден өт­кізіліп жатыр. Мысалы, 2013 жылы пай­далануға берілген 300 оқу­шыға ар­налған Әйтеке би атындағы №26 мектеп былтырғы техникалық тексеру жұмыстарының қорытындысына сәйкес кейбір бөліктері қауіпті деп танылған болатын. Бүгінде ішкі бөлмелердің жарылған қабырғалары алынып, толық қалпына келтірілді. Сыртқы және ішкі есіктер, асханадағы және кей­бір бөлмелердің кәріз жүйелері ауыс­тырылды. Мектеп қабырғаларын қы­рып-сылау жұмыстары жүргізіліп, сырт­қы қасбеттер темір сайдингпен қап­талды. Едендер жаңартылды. Жылу жүйелері жүргізіліп, мектеп айналасы ретке келтірілді. Сондай-ақ 2007 жылы пайдалануға берілген Б.Момышұлы атындағы 800 оқушыға шақталған №22 жалпы білім беретін мектептің шатыры жабылып, электр сымдары, ішкі және сыртқы шамдар ауыстырылды. Мектеп дәліздері ретке келтірілді. Әжетхана да жаңартылды. Алты оқу кабинетінің едендеріне тақтай қағылды, тоғыз сы­нып­тың жылу жүйесі ауыстырылды. Ал Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округі, Әсіларық ауылындағы №49 Ш.Уәлиханов атындағы мектепте жүр­гізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыс­тары облыстық бюджет есебінен толық қаржыландырылған. Білім нысаны 300 оқушыға арналған. Бүгінде мектеп бөлмелерінің жарылған қабырғалары қайта қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, кәріз және электр жүйелерін ауыстыру, мектеп қабырғаларын қайта сылау сынды көптеген жұмыс атқарылып, тамыз айының соңында пайдалануға берілмек.

Төле би ауданында жалпы 126 білім беру мекемесі бар. Бүгінде бірінде жаңа ғимарат құрылысы, 3 білім ошағында күрделі, 43-інде ағымдағы жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Алайда аудан ау­ма­ғындағы демалыс аймақтары қап­таған атақты Біркөлікте ауыл балалары оқи­тын орта мектеп жоқ. Мектеп құ­ры­лысы үшін жер телімі екі жыл бұрын ше­­шілгенімен, не бюджеттен қаржы қарал­­май, не қалтасы қалың жеке инвестор табылмай отыр. Ал Кемеқалған ауыл­дық округіндегі Қаратөбе елді ме­ке­ніне бюджет қаржысына мектеп­ салу мә­селесі шешілуге жақын қалған тұста орта жолдан жеке кәсіпкер килі­гіп, өз қар­жысымен құрылысты бас­тайтын болған. Бірақ үшінші жылға аяқ басқанымен, ол кәсіпкер тек котлаван қазумен шектеліп елдің үкілі үміті ақталмай тұр. Балаларының біразы Шымкентке, енді бірқатары көршілес Қазығұрт ауданына шабылғанынан шар­шаған шалғай ауылдағы ағайын осы­ған қатысты ертерек бір қатаңдау шара қолданылғанын қалайды. Жергі­лік­ті жұрт әлгі кәсіпкер ойлағанын жү­­зеге асыруға шамасы келмесе, өзге ама­лын қарастырып, елдің балалары әуре-сар­саңға түскен маңызды мәселені сөзбұй­да­ға салуды тоқтату керектігін айтуда. Ал «Жайлы мектеп» қанатқақты жобасы ая­сында ауданда 3 мектеп салынуда. Үшеуін де жыл соңына пайдалануға бе­ру көзделген.

Өңірдегі әлеуметтік нысандар құ­рылысының сапасына және белгіленген мерзімінде тапсырылуына бақылау жасау мақсатында аудандарды жиі аралайтын облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, жайлы мектептердің тағы бірі Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында салынып жатыр. «Samruk-kazyna Construction» АҚ тапсырысымен салынып жатқан 600 орындық заманауи үлгідегі ғимаратта оқушылардың сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдай қарастырылады. Жоба құны – 5,5 млрд теңге. «Inteqra Construction» ЖШС құры­лыс жұмыстарын өткен жылдың маусым айында бастаған. Нысанды биыл қараша айына дейін пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Ал Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында ұлттық жоба аясында салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылысы былтыр тамыз айын­да басталған болатын. Биыл мектепті толықтай тапсыру көзделген. Құрылысы былтыр тамызда басталған Сауран ауданы, Иассы ауылдық округі, Еңбек­ші Дихан елді мекеніндегі 600 орын­дық мектеп те ұлттық жоба аясында жүзе­ге асырылып жатқан игі істің бірі. Жаңа ғимаратты биыл білім күніне дейін тапсыру көзделген. Жоба құны – 4,267 млн теңге. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданда 5 мектеп жоспарланған болса, үшеуінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектеп салынып жатыр», дейді Бейсенбай Тәжібаев.

Оқушылардың сапалы білім алуына жайлы жағдай жасаумен қатар олардың қауіпсіздігі, ыстық тамақпен қамтылуы да басты назарда. Бұл орайда облыстағы мемлекеттік мектептердегі бастауыш сыныпта оқитын 224 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ал 180 елді мекенде 15 225 бала мектепке тасымалданады. «Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 101 заманауи автобус алынған. Жалпы, оқушылар тасымалы мемлекет теңгеріміндегі 120 және мердігер фирма меншігіндегі 68 автобуспен ұйым­дас­тырылды. Балалар қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бағытында мектептер­ге 7 мың­­нан астам бейнекамера орнаты­­­лып, мем­лекеттік 938 білім беру мекеме­­лері 100% дабыл батырмасымен қамты­­­лып, полиция департаментінің жедел бас­­қару орталығына қосылды. Бала саны ­300-ден жоғары 573 білім беру ұйым­дары ­толық лицензияланған күзет қызметіне ­өткен.

Айта кетелік, білім басқармасының мәліметінше, өңірдің білім беру ұйым­дарында кадрлық тапшылық байқал­майды. Дегенмен ауыл мектептеріне ағылшын тілі, информатика, математика, орыс тілі мен физика пәндерінен ғана вакансия бар. Айтпақшы, өңірдегі 201 аралас тілде білім беретін мектептің 97-сі – қазақ-өзбек мектептері.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ
«Egemen Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

Келесі жылдары білім гранттарының саны артады — министрлік

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. — Қазақстан Республикасында ...