Түркістандық делегация Вьетнамда халықаралық әуежайдың әлеуетін көтеру бойынша келіссөз жүргізді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бастаған делегация Вьетнамға іссапармен барды. «VinGroup» компаниясының төрағасы Фам Ньят Выонгпен кездесіп, туристік, экономикалық байланыстар бойынша талқылау өткізді,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Делегация Түркістанға халықаралық туристер ағынын тарту, Түркістан әуежайының әлеуетін арттырып, Түркістан-Вьетнам әуе рейсінің ашылуына, ішкі және сыртқы туризмді дамыта отырып, өңір экономикасын көтеруді мақсат етіп отыр.

Іссапар барысында облыс әкімдігінің делегациясы «SOVICO Group» Басқарма Төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен энергетика және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары,«Petrovietnam» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгпен энергетика және мұнай-газ химиясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

1990 жылдары негізі қаланған «SOVICO Group» – Вьетнамдағы энергетика, құрылыс, банк және қаржы салаларына, сондай-ақ авиация саласына маманданған ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. 2022 жылы компанияның табысы 20,6 млрд. долларды құраған. Аталған компания Вьетнамда және одан өзге аймақтарда әуе тасымалын жүргізетін танымал «VietJetAir» әуе компаниясының негізін қалаушы акционері. 100 Airbus ұшағынан тұратын заманауи паркі бар Vietjet жыл сайын 180 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді, ішкі және халықаралық бағыттар бойынша күнделікті 500-ден астам рейс жасайды.

«Интеграция мен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету аясында біз вьетнамдық компаниялардың біздің өңірге келуін жоспарлап отырмыз. Біздің тарапымыздан вьетнамдық компаниялардың бастамалары жан-жақты қолдау табатынын айтқым келеді. Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы. Әуежайдың географиялық орналасуы тартымды және басқа елдерге ұшуға ыңғайлы. Өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Аймақ туризмінің дамуы жолаушылар ағынына тікелей әсер етеді. Ішкі және сыртқы туризмнің ұлғаюы, сондай-ақ жалпы өңір экономикасының дамуы күтілуде», деді Зұлпыхар Жолдасов.

Сапар барысында түркістандық делегация Вьетнамдағы бірнеше қонақүйді басқаратын ірі вьетнамдық холдинг «Crystal Bay Group» (CBG) басшылығымен де келіссөз жүргізді.

Атап өтейік, Түркістан облысында туризмді дамыту өңір экономикасының басым бағыты болып отыр. Мәселен, соңғы 3 жылда облыс туризміне 600 млн. АҚШ доллары тартылған және жыл сайын шетелден туристер ағыны ұлғайғаны байқалады.

x

Check Also

Түркістанда Шауғар тұрғындарының мәселелері тыңдалды

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кезекті көшпелі кездесу аясында Шауғар секторының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы 2024 жылы ...

Түркістан қаласы, Сауран секторында инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылады

Бүгін Түркістан қаласының әкімі кезекті көшпелі кездесулер аясында Әзімбек Пазылбекұлы Сауран секторының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы 2024 жылы ...