Түркістан облысында 6 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 927,6 млрд. теңгеге жетіп, өсім байқалды

2024 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім бар. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде айтылды,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы аудан, қала әкімдері мен жауапты басқармаларға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды жандандыра түсу керектігін ескертті.

– Мемлекет басшысы биыл экономиканың 6% өсімін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Үкімет тарапынан арнайы жоспар түзіліп, негізгі көрсеткіштер бойынша жоспар айқындалған. Барлық аудан, қала әкімі мен басқарма басшылары өздеріне бекітілген индикаторларды орындауы тиіс. Бұл мәселені екі аптада бір рет тұрақты түрде талқылауды тапсырамын. Жұмысты жандандырыңызыдар. Бір ғана кәсіпорын немесе зауытқа қарап отыра беруге болмайды. Көрсеткіштер төмендеген аудан, қала басшыларының сылтаулары қабылданбайды. Жаңа кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту бағытында жұмысты күшейтіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштерінің биылғы жартыжылдық қорытындысын баяндады.

Биылғы І тоқсан қорытындысымен облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 927,6 млрд. теңгені құрап, өсім +3,7% деңгейінде қалыптасты. Ал жоғарыда аталған көрсеткіштер бойынша жедел мәліметтер негізінде өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда қысқа мерзімді экономикалық өсім 106,5%-ды құрады. 6% экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша тиісті салалық басқармалар мен департаменттерден Өңірлік жедел штаб құрылған. Үкіметпен айқындалған 6 ай жоспары бір-екі саладан басқа бағыттарда толық орындалды. Өнеркәсіп өнім көлемі 551,6 млрд. теңгені құрап, өсім 106,8% деңгейінде болды. Өнеркәсіп құрылымында негізгі үлес уран өндірісіне тиесілі. Саладағы өсім тау-кен өндірісінде – 103,1% (Созақ – 123,6%), тамақ өнімдері – 105,3% (Қазығұрт – 127,6%), жеңіл өнеркәсіп – 113,3% (Жетісай – 148,7%), құрылыс заттары – 108,2% (Түркістан – 119,9%), машина жасау – 119,2% (Ордабасы а/ш тракторын құрастыру – 2 есе), жиһаз – 2 есе (Түркістан – 2 есе) байқалды.

Құрылыс жұмыстары көлемі 181,1 млрд. теңгеге жетіп, 23,8%-ға артты. Өсім жекеменшік нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстары есебінен тіркеліп отыр (үлесі 99%). Құрылыс жұмыстарының негізгі үлесі Түркістан қаласы (55%) және Созақ (6,4%), Бәйдібек (5,5%) аудандарына тиесілі. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 20,2%-ға өсіп, 371 мың шаршы метрді құрады. Барлық аудан, қалада оң өсім қалыптасты.

Облыс әкімінің тапсырмасымен тоқсан сайын әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлары бойынша рейтингтік бағалау жүргізілуде. Жалпы ІІ тоқсан қорытындысымен 36 индикатордың 32-не қол жеткізілді. Бағалау қорытындысымен Бәйдібек, Сауран, Шардара аудандары үздіктер қатарынан табылды.

Мәжілісте аудан, қала әкімдеріне және салалық басқарма басшыларына биылға межеленген жоспарға қол жеткізу мақсатында барлық тиісті шараны қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...