«Сіздерге барша Қазақстан халқы қолдау көрсетеді»

Президент Қ.Тоқаев олимпиадашыларға сәттілік тіледі,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі.

Төрткүл дүние көз тіккен Олимпиада ойындары басталды. Дүние жүзіндегі екі жүзге жуық мемлекеттің саңлақтары қатысатын, төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындары-спорт жарыстарының падишасы саналады.

Дағыстандық, бес дүркін әлем чемпионы Әли Әлиев «осы алтындарымның бәрін бір олимпиада ойындарының медалі бодауына берер едім» дегенінен бұл Олимп бәсекесінің бәсін біле бересіз.

Яғни, қандай да бір ресми жарыстардың бәрін жеңгеніңізбен «Олимпиада ойындарының жеңімпазы» деген атаққа жете алмайды. Бүкіл дүние жүзінің назары ауатын осы сынға Қазақстан құрамасы да лайықты дайындалды.

– Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент спортшыларымызға барлық қажетті жағдай жасалып жатқанына тоқталды.

– Елді мекендерде арнайы алаңдар салынып жатыр. Өткен жылдың өзінде 70-ке жуық спорт орталығы ашылды. Биыл тағы 200-ге жуық нысан салынады. Баршаңызға мәлім, Ұлттық олимпиада комитетінде өзгерістер болды. Олимпиада ойындарына дайындық штабы құрылды. Тәжірибелі мамандарды шақырдық. Белгілі спортшы Геннадий Головкин келді. Әр салада осындай өз ісінің нағыз шебері болуға тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Біз – спортшыларға айрықша құрмет көрсететін елміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті спорт тарихында өшпес із қалдырған саңлақтарымыздың еңбегі әрқашан жоғары бағаланатынын жеткізді.

– Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Бекзат Саттарханов, Ольга Рыпакова атындағы спорт нысандары – соның айқын көрінісі. Сіздер де биік белесті бағындыра аласыздар. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгінгі жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен абырой, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Франция астанасы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 80 спортшы баратын болды. Төрт жылда бір келетін әлем додасына Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лецензия иеленген.

Солардың қатарында шымкенттік спортшыларымыз да бар. Олар байрақты бәсекеге қатысу үшін спорттың 8 түрінен 12 лицензия жеңіп алды. Енді олар Париж төрінде ел намысын қорғап, өз өнерлерін көрсетеді.

Осыған орай қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын қаламыздың спортшыларымен кездесті.

Кездесу барысында шаһар басшысы спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында екенін атап өтті. Олимпиада ойындарына дайындалу үшін де барлық қажетті жағдай жасалғанын мәлімдеді. Ендігі міндет – қазақстандық спорттың әлеуетін барша әлемге тағы бір мәрте дәлелдеп, ел намысын қорғау екендігін айтты.

Кездесу соңында қала басшысы спортшылардың сәтті өнер көрсетуін және жеңіспен оралуды тіледі.

Париж-2024 Олимпиадасында Қазақстан командасына 67 бапкер мен құрамына дәрігерлер, массажшылар және психологтар енетін кешенді ғылыми топтың 15 мүшесі қолдау көрсетеді.

Команданы сүйемелдейтін тұлғалардың саны алғаш рет қатысушылар санынан артып отыр. Қосымша аккредитацияларды қайта жоспарлау кезінде спортшылардың сәтті өнер көрсетуіне тікелей әсер ететін кәсіби мамандар — бапкерлер құрамы мен спорттық дәрігерлерге басымдық берілді.

«Олимпиада ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасы тарихында бапкерлер мен дәрігерлер саны спортшылар санынан асып түскен емес. Сүйемелдеуші тұлғалардың аккредитациясы тек қана Олимпиада ойындарына қатысатын атлеттердің санына байланысты бөлінген болатын. Алайда, Ойынды ұйымдастыру комитетінің жаңарған санау жүйесі, сондай-ақ, ҰОК пен Қазақстан туризм және спорт Министрлігінің бірлескен іс-әрекеттерінің арқасында барлық спортшының жеке жаттықтырушысын жүйеге енгізу мүмкіндігі пайда болды. Енді спортшылардың жеке бапкерлері де ұлттық құраманың бас бапкерлерімен бірге жарысқа қатыса алады. Қайталап айтамын, бұрын-соңды мұндай болған емес. Тіпті, кейбір Олимпиада ойындарына Парижден әлдеқайда көп атлет қатысса да, мұндай жағдай тіркелмеген.

Одан бөлек, ұлттық құраманың үздік спортшылары Елдос Сметов (дзюдо) пен Нұрсұлтан Тұрсыновтың (грек-рим күресі) жеке бапкерлері алғашқы кеңейтілген тізімге енбей қалғанын да айту керек. ҰОК-тің Париж-2024 Ойындарын ұйымдастыру комитеті және ХОК-пен жүргізген ұзақ келіссөздерінің арқасында аталған жаттықтырушыларды аккредитациядан өткізуге келісім берілді. Ал атлеттер үшін жеке бапкерлерін алмастыратын ешкім жоқ екенін ұмытпау керек.

Олимпиада кезінде Ойынды ұйымдастыру комитетімен арадағы барлық қарым-қатынас тікелей ҰОК арқылы өрбиді және менің әріптестерім бұған тас-түйін дайын. Париж ойындарында ұлттық құраманың жұмысын үйлестіруге ҰОК-тың жеті қызметкері жұмылдырылған және олардың әрқайсысында өзіндік жауапкершілік аймағы бар. Олар техникалық және логистикалық көмек көрсету, жаттығу кестесі мен тасымалдауды реттеу, жарысқа тіркеу және тағы да басқа көптеген жұмысты атқару арқылы спорттық делегацияға жайлы жағдай жасайды. Қызметкерлер тәулік бойы ұйымдастыру комитеті және ХОК өкілдерімен тікелей байланыс ұстап отыр. Кез келген спортшы мен кез келген делегация өкілінде біздің мамандар шешетін шұғыл мәселелер туындауы мүмкін», — дейді олимпиадалық ауылға жауапты Қазақстан ҰОК спорт департаментінің басшысы Бектұр Қиятбай.

Айта кетелік, ҰОК басшылығы Олимпиада ойындарына Халықаралық Олимпиада комитетінің шақыруымен келді және жарыстан бөлек, ХОК, АОК, халықаралық федерациялар, сондай-ақ, өзге елдердегі ҰОК өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда 35-тен аса кездесу жоспарланып қойды.

Сонымен қатар, делегация құрамына 16 спарринг-серіктестің енгенін айта кету керек. Олар жекелеген спорт түрлері бойынша сынға түсетін атлеттерімізге олимпиадалық жарыс өтетін аймақтарда көмектесетін болады.

Бұл жолғы Қазақстан бокс құрамасының мүшелері мықты. Алтын алады деген жампоздардың қатарында Оңтүстіктен Сабыржан Махмұдов пен Сәкен Бибосынов бар.

Олимпиаға аттанған 80 саңлақтың қатарында 12 шымкенттік сайыпқырандар барын айттық.

Олимпиада ойындары-спорт жарыстарының төресі. Оғландарымыз лайықты өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына алтын бастаған медальдардан салым салады деген ниеттеміз.

Ақсарбас!

x

Check Also

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...