Жақында Шымкентте заманауи стадионның құрылысы басталды. Орта Азия елдеріндегі ең үлкен, заманауи стадион Шымкент қаласында бой көтеретіндіктен, бұл аймақ үшін айтулы оқиға. Ауқымды жобаның құрылысы екі жылға созылмақ,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі.
Шымкенттік жанкүйерлер көптен күткен футбол аренасының іргетасын қалау рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков, «Ордабасы» кәсіби футбол клубының президенті Асхат Сейсембек қатысып, көпшіліктің қуанышына ортақтасты.
Стадион құрылысының басталу рәсінде сөз сөйлеген қала әкімі Ғ. Сыздықбеков қала тұрғындары үшін бұл нысанның маңыздылығына тоқталды.
— Шымкент қаласында қазіргі таңда бір ғана стадион бар — ол Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы «Орталық» стадион. Ол стадионның іргетасы 1969 жылы салынған. Халықаралық талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан Республикадағы ең үлкен алаңды салу туралы шешім қабылдадық. Бұл аренаны Шымкент қаласында салу кездейсоқ қабылданған жоқ. Оңтүстік өңірі қашанда өзінің спорттық жетістіктерімен, таланттарымен танымал болғанын мақтанышпен айтып өткім келеді. Бұл жаңа нысан тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемдегі барлық кәсіби спортшылардың бас қосатын алаңына айналуы қажет. Іргетасы қаланатын жаңа стадион Шымкент спортына жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жеңістер сыйлайды деп сенеміз,-деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Стадион құрылысының капсуласын бүгін қала әкімі және «Ордабасы» клубы бапкерлері мен ойыншылары бірге салды. Жаңа спорт кешенінің аумағы 21 гектар. Стадион жобасы FIFA және UEFA талаптарына сай әзірленуде. Трибуналар ағылшындық ареналардың үлгісіндей жасыл алаңға жақын орналасады. Табиғи көгал төселеді. Жаттығу базасы осы кешенннің құрамында болады.
— Жаңа стадионның орналасатын жері Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Тұран-2 шағынауданы. Жаңа аренаның сыйымдылығы 35 мың орынды заманауи түрде болады. Аумағы – 21 гектар. Құрылыс жұмыстары уақыты жүретін болса 2 жылға жуық уақытта пайдалануға беріледі. Жоспар бойынша бюджеттен 40-45 млрд теңге бөлу жоспарланған. Жаңа заманауи стадионның пайда болуы қала тұрғындарының футболға деген қызығушылығын тудыра отырып, жанкүйерлерге ойын кезінде шабыт сылайды деп күтеміз. Сондай-ақ, әлімдік додаларды өткізуге, соның ішінде туризмнің дамуына ерекше серпін береді,-дейді Маратбек Мықтыбеков.
Айта кету керек, қала әкімі Мемлекет басшысына қаланың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беру барысында мегаполиске заманауи стандартқа сай стадион қажеттілігін баяндаған болатын. Сол кезде Президент биыл жаңа стадионның құрылысын бастау туралы нақты тапсырма берді. Осыған орай биыл 35 мың орынға есептелген стадион құрылысын бастап, 2026 жылдың ортасына дейін аяқтау жоспарланған.
Ал қазір Шымкентте тек Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы бір ғана Орталық стадион бар. Ол стадион 1969 жылы салынған. Сыйымдылығы – 18 000 орын. Кеңес кезінде «Октябрьдің 50 жылдығы» деп аталды. КСРО чемпионаттарында Шымкенттің «Металлург», «Мелиоратор», «Синтез» және «Достық» клубтары өз алаңындағы матчтарын өткізіп жүрді. Кейін 2003 жылдан бері «Ордабасы» клубының негізгі аренасы болды. Қала басшысының айтуынша, бұл стадионды да реконструкциядан өткізіп, команданың қосалқы алаңына және жеңіл атлетикадан ұлттық команда жаттығатын орынға айналатын болады.
Өздеріңізге белгілі, Ордабасы – қазақстандық кәсіби футбол клубы, Шымкент қаласынан. 1998 жылы пайда болған, Қазақстан Премьер лигасында ойнайды. Қазақстан кубогінің және Суперкубогінің жеңімпазы. Сондай-ақ 2023 жылы Қазақстан Премьер лигасының жеңімпазы атанып, чемпиондар лигасының іріктеу ойындарына жолдама алған.
© «24kz» телеарнасы