Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков халықпен мүмкіндігінше жиі кездесіп, қалада атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап, аралап көруді әдетке айналдырған,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкім кезекті рет қаладағы нысандарды аралады. Ол “Тассай”, “Таскен” және “Самал 3” шағынаудандарында болып, аудандардағы жүргізіліп жатқан көшелердің орташа жөндеу жұмысымен танысты. Мердігер мекеме өкілдеріне жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтау міндетін жүктеді. Сонымен бірге жауапты басқарма басшысына қатаң қадағалауды тапсырды.
Аралау барысында Абай ауданына қарасты Сазтөбе көшесі тұрғындарымен кездесті. Өйткені, сазтөбеліктер демалыс алаңын салып беруді өтінген болатын. Осыған орай тұрғындардың өтініші негізінде Абай ауданының әкіміне кішігірім демалыс алаңын салып, абаттандыру бойынша тапсырма берді.
Әл-Фараби көшесі бойындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмысын да тексеріп, ағаш көшеттерінің жасыл желекке айналуы үшін аудан әкіміне суаруды күшейту қажет екенін айтты.
Одан әрі қаланың Темірлан тас жолындағы кіреберісінде “Shymkent” жазуы бар белгінің орнатылуын бақылады. Алдағы уақытта “Shymkent” деген жазуы бар стеланы қалаға кіретін жердегі барлық жерге, Ташкент, Алматы, Түркістан кіреберісіне, әуежай және вокзал жаққа да орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ жауаптыларға қазіргі қолданыстағы белгілерді жаңартуды және Арыс қаласынан кіреберістегі “Бадам” көпірінің жанына да орнатуды тапсырды. Осыған орай жарық көзіне қатысты мәселені шешу және жарықтандырумен толық қамтамасыз ету міндетін қойды.
Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан Асқаров көшесі мен Республика даңғылының қиылысында орналасқан «Мадлен» кондитерлік цехының жанындағы жаңа гүлзардың құрылыс жұмысын да көрді. Құрылыс бітсе, жақын арада тағы бір жаңа қоғамдық орын пайдалануға берілетін болады. Айта кететін жайт, саябаққа субұрқақ орнатылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ашық аспан астында кинотеатр тамашалауға мүмкіндік те қарастырылған.
Одан әрі Гагарин көшесіндегі тұрғын үй ауласында салынып жатқан спорт және ойын алаңдарының да құрылыс барысын тексерді. Мердігер компания өкілдеріне пайдаланылған материалдардың сапасына жіті назар аударып, барлық жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды.
Аралау соңында «Жасыл белдеу» КММ-де болып, жасыл белдеу аумағын ұлғайту мақсатында мекеме басшылығына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде жапырақты көшеттердің алқабын ұлғайту, қаладағы ағаштарды көбейту, сондай-ақ біржылдық және көпжылдық гүлдерді өсіруге арналған жылыжай кешенін салу міндеттері бар.