Ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызы 75 жасқа толып отыр. Осы мерейтой қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын мен оқырмандардың сырласу кеші өтті. «Мен ақынмын, әйелмін, әдемі ойлар» деп аталатын кездесуге
ҚР мәдениет қайраткері Бастарбек Пірімбетов, облыстық Ы. Алтынсарин атындағы кітапхана директоры Ақмарал Асанқызы, журналист Бақтияр Тайжан, облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Мыңжасарұлы, ҚР мәдениет қайраткері Рыскүл Іскендірқызы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ғалымжан Бақытжанұлы, композитор Құралай Сәтмұхамбетқызы сынды зиялы қауым өкілдері қатысты.
Еркін форматта өткен шарада Ханбибі Есенқарақызының бұрыннан танымал жырлары да, жаңа өлеңдері де оқылды, жанға азық болар руханият тақырыбында мазмұнды әңгімелер айтылды. Әлбетте, Ханбибі Есенқарақызының мектепте мұғалім, Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» – «Красное знамя» газеттерінде әдеби қызметкер, облыстық халық шығармашылығы орталығында бас маман, облыстық мәдениет басқармасының басшысы, облыстық филармония, облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры, «Қайырымдылық және денсаулық қорын», «Қазақ тілі» қоғамын басқарғанын, «Тіл туралы» заңның жобасын жасауға қатысқанын көзіқарақты оқырман жақсы білсе керек.
Ақын жайлы ел аузында аңыз болып тараған оқиғалар да әңгіме арқауына айналды.
Бірде елге танымал азамат Ислам Әбішев ресейлік кәсіпкерлермен бас қосып отырғанда «Нүрикамал» әні шырқалыпты. Орыс жігіттері әдемі әуенге елтіп, Исекеңнен өлеңнің қазақша мағынасын сұраған ғой. Ислам ағамыз бұл әннің өзіндік тарихы бар екенін, өлеңнің қалай жазылғанын тәптіштеп айтып береді. Бір жастықта бас қосқан жарының нәзік жанын айтқызбай түсініп, оның жүрек тебіренісін жыр шумақтарына айналдырған ақынның дархан мінезіне, ерекше болмысына таң қалған орыс кәсіпкері: «Егер осы ақын ресейлік болғанда, мен оған өз қаражатыммен алтыннан ескерткішін орнатар едім» деп тамсанған екен. Белгілі журналист Бақтияр Тайжан ағамыз «бұл әңгімені Ислам Әбішев ағамыздан естідім» дегенде кездесуге жиналғандардың рухы көтеріліп сала берді. Ақынның өзін ғана емес, күллі қазақ қыздарының дархандығы мен ақылдылығын таныған ресейлік азаматқа да айтар алғысымыз шексіз, әрине.
Ханбибі Есенқарақызының 1920-1926 жылдар аралығында Ташкентте жарық көрген «Ақ жол» газетінің жинақталған нұсқасын 20 том кітап етіп шығарғанынан да ел хабардар болса керек. Бірақ, оның алғашқы он томын өзінің зейнетақысына шығарғанын біреу білсе, біреу білмейтін шығар.
«Он том шыққан соң, ары қарай шамам жетпейтінін біліп, сол кездегі Мәдениет және спорт министрінің алдына кірдім. Ол маған: «Атақты «Нүрикамал» әніне сөз жазғаныңыз үшін ескерткіш қойдыруға әбден лайық жансыз» деп отыр. Мен оған: «Айналайын, мен сенімен «Нүрикамал» туралы емес, Алаштың ардақтылары туралы сөйлесуге келдім. Осы жағын қолға алсаң» деп ашық айттым. Ол осыншама қыруар еңбегіме таңданып «мынау бақандай бір ғылыми-зерттеу институтының атқаратын жұмысы ғой, біз мұны мемлекет есебінен шығаратын боламыз!» деп уәде берді. Айтқанындай-ақ, министрлік «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Шолпан» мен «Ақ жолдың» кейінгі 10 томын 22 мың дана таралыммен жарыққа шығарды» дейді Хан-апамыз.
Кездесу барысында ақынның саналы ғұмырында басынан кешкен басқа да түрлі оқиғалары, елге сіңірген еңбегі, шығармашылығы, елдің бүгіні мен келешегі жайлы толғамды әңгімелер айтылды. Жиналғандар жылға жетерлік рухани нәр алғанын сезініп қайтты.
Айта кетейік, ел тарихына өлшеусіз еңбек сіңірген Ханбибі Есенқарақызының өлеңдері орыс, украин, өзбек, якут тілдеріне аударылған. Ақынның «Алтынай», «Нүрикамал», «Қадиша», «Дос іздедім», «Көңілгүл», «Махаббат өмірлері» секілді өлеңдері халық арасына кеңінен таралған.
Көрнекті қаламгер, ақын Ханбибі Есенқарақызы – «Парасат» орденінің иегері, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы, «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қызметкері».
Пернебай САПАР,
«Ońtústik Qazaqstan» газеті.