Бүгін Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінде игілікті шараның куәсі болдық,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тарқатып айтатын болсақ, Шорнақ ауылының жақсылық жасауға жаны құмар белсенді азаматы Алмат Нұрымбетовтың бастамасымен жағдайы төмен 2 отбасыға баспана берілді.
Бұл қайырымдылық іске ауылдың белсенді жастары, аудандық депутаттар және жеке кәсіпкерлері бірлесе ұйымдасты. Айтулы шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, ауданның бас имамы Бауыржан Акауов, ауданның белсенді азаматшасы Бибімария Қарабалаева және ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Қарапайым тірлікте құлағанды көтеріп, сүрінгенді демеп жүретін қайырымды жандар жеткілікті. Олардың іс-әрекеті арқылы өмірдің қиындығын ұмытып, алғы күндерге үміт артуға, болашағына нық қадам жасауға болады. Қайырымдылық жасау — ізгіліктің басты көрінісі мен асыл қасиеттерінің бірі болып табылады. Жақсылық жасау имандылықтың, тәрбиелектің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске арқау болып жүретін, асыл арманға қол созғандарға сүйеніш болып, қолдарынан келгенін аямайтын ауданымыздың белсенді жастары мен кәсіпкерлері жетерлік деп білеміз.
Игілікті шарада аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, сауапты іске ұйытқы болған барша жандарға алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, аудан әкімі мұқтаж жандарға баспана салып, тарту еткен азаматтарға алғыс хат табыстады. Жаңа баспанаға ие болған ауыл тұрғындары Абай Сапарбаев пен Боходир Досметовке қоныс құтты болсын дестік.