Экологияны қорғау, тазалықты сақтау, туған жерді көркейту мен көгалдандыруға баса мән беру бастамасымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны Сауран ауданында тұрақты жүргізілуде,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастауымен бүгін Ескі Иқан ауылында «Жеңіс» саябағында және орталық көшесінде сенбілік жүргізілді. Сенбілікке 104 қызметкер атсалысып 8 техника тартылды.
«Елімізде өтіп жатқан үлкен науқанға біздің ауылдың да атсалыспай қалуы жарамайды. Сондықтан, ауыл жастары мен белсенділерін осы шараға белсене қатысуға шақырамыз. Өз ауылымыздың көркеюіне әрбіріміз жауаптымыз»- деді сенбілікке келген ауыл ақсақалы Марат Ергешов.
Сенбілік барысында орындықтар ретке келтіріп, ағаштар әктеліп, 36 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы, сенбілікке өңіріміздің «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «ҚазақГазАймақ» Түркістан облысы филиалы, «Түркістан жылу» мекемесінің қызметкерлері өз үлестерін қосты.