Олқылықтың орнын «СыйLike» толтырады

Түркістан — туристер қаласына айналып келеді. Жыл басынан бері киелі қалаға сапар шеккен зияратшылар мен туристердің саны 326 мың адамнан асып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,6%-ға өскен. Ал, шетелдік туристер саны 4,3 мың адамға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 58,1%-ға көп. 2025 жылға қарай мұнда 5 млн. турист келеді деп күтілуде.

Рухани астанаға келген туристер өз елдеріне ұмытылмастай естелік болар кәдесый ала кететіні даусыз. Ал, біз оларға не ұсынып жүрміз? Жасыратын несі бар, ұсынып жүргеніміз қытай жылтырақтары, Дубай салпыншақтары, қырғыз қалпақтары, өзбек топылары. Құран аяттары жазылған шыны ыдыстар мен тәспі-моншақтармен туристерді таң қалдыра алмаспыз. Туриске керегі жергілікті қолөнер шеберлерінің ұлттық бұйымдары, елдің құндылығын танытар бренд заттар.

«Түркістаннан сый деп еліме шағын балбал мүсін мен құрақ жастық ала барғанымда достарым қатты таңданды, –дейді ирактық турист Динчер Динч. – Құрақтың матадан қалған қалдық материалдан дайындалғанын естіп, қазақтардың ысырапшылдыққа жол бермейтіндігіне тәнті болды».

«Мен етжақындарыма үнемі қазақтың ұлттық нақышындағы тоқыма бұйымдарын ала барамын» дейді түркиялық турист Йылмаз Саты-Нұр.

«Осы жолғы сапарымда жергілікті суретшілер салған кесене полотносы мен ою-өрнекті тақияны көптеп ала кетпекпін. Себебі, сіздердің тақияларыңыз ер адамға әдемі жарасады екен» дейді мажарлық турист Марк Кавендиш.

Жасыратыны жоқ, біз Түркістанға келген туристерге көзмоншақ пен тәспі-түйреуіш, жаймаларды ғана көрсетіп жүрміз. Мұндай кәдесыйлар олардың талғамына сай келмейді. Осы олқы тұсты сезді ме, әлде, көптен көкейінде жүрген ой-арманы ма, ұлт үшін, ұлтты таныту үшін маркеттік құнды идеяларды ұсынып жүретін менеджер бауырымыз Ербосын Әбілқасымов қаланың көрікті жерінен, туристер көп қыдырыстайтын кесенеге жақын маңнан, «Айтолсын» сауда кешенінде «СЫЙLIKE» дейтін брендтік кәдесый дүкенін ашты. Оның ашылу салтанатына жас та, кәрі де көптеп жиналды. Кіре берісте батыр тұлғалы жігіттердің жетегіндегі қазақтың жеті қазынасының бірі — құмай тазы мен қыран қарсы алды. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаевпен бірге дүкен лентасын қиған соң ішке ұзадық. Есік аузында саз шебері балшықтан құмыра илеп, тігін шебері жүннен киіз қарпып, келушілерге керемет көрініс ұсынды. Ішке лап қойған көпшілік этно стиліндегі теріден, ағаштан, киізден, мыстан, шыныдан, балшықтан жасалған мың-сан бұйымдарды көріп, ертегілер әлеміне еніп кеткендей әсерге бөленді. Шебер қолынан шыққан тоғызқұмалақ тақтасы, өрмелі қамшы, оқалы шапан, қазақы қамзол, шегірен сөмке, ат әбзелдері, торсық пен саба, ас астауы, ағаш көзе, қобыз бен домбыра, жүзік-сырға, не жоқ дерсіз! Айтып тауысу мүмкін емес.

Енді кәдесый іздеген турист күн астында дүңгіршек жағалап, аяқтан тозып жүрмейді, барлығын бір жерден табады. Осынысы ұнады.

«Әзірге оншақты адамды жұмыспен қамтып отырмыз, — дейді дүкен иесі Ербосын Әбілқасым. — Ойымыздағы креативті жоспарларымыз жүзеге асса, қызметшілер санын бұдан да көбейтетін боламыз».

Дүкенде «колонкадан» шертпе күй төгіліп, сабада қымыз сапырылып жатыр, ыстық бауырсақ тәбетті қытықтап, қымыран қызықтырып тұр. Бұдан бөлек, егер үйде құнды жәдігеріңіз болса аталған дүкен оны сатуға сізге жәрдем беріп, қимас ескі затыңызға қорап жасап бере алады. Қолөнер бойынша шеберлік сыныптарын ұйымдастыру да ойда бар.

«СЫЙLIKE» сыйлық алу мен қимас адамыңызға есте қаларлық бір зат сыйлау үшін таптырмас дүкен болып тұр.

Бекжігіт СЕРДӘЛІ.
«Ońtústik Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Түркістан облысында «Al-Farabi» интеллектуалды ойынына 200 команда қатысып, үздіктері анықталды

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыс көлемінде өткізілген «AL-FARABI» интеллектуалды ойынының финалдық кезеңі өз мәресіне ...

Түркістанда «Қоныс аудару» жәрмеңкесі өтті

Түркістан облысында 8 сәуірден бастау алған «Қоныс аудару» жәрмеңкесі бүгін облыс орталығында қорытындыланды. Еліміздің 7 облысынан атап айтқанда Абай, Қарағанды, ...