Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Онда экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов хабарлап өтті. Хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы және аудан әкімінің тұрғындармен кездесу кезіндегі көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Бахтыбек Убайдин, аудан аумағындағы тазалық жұмыстарының орындалуы туралы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Баймұрзаев баяндама жасады.
Асылбек Қашқынбайұлының мәлімдеуінше қазіргі таңда «Таза Қазақстан» республикалық акция аясында ауылдық округтердегі елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, көгалдандыру және тазарту жұмыстары жыл соңына дейін жалғасатынын айтты. Сонымен қатар, әр елді мекеннің санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, аялдамаларды ретке келтіру, жарықтандыру желілерінің тіректерін бақылау, абаттандыру және ойын алаңшаларының элементтерін жөндеу, жасыл желектерді қарау, контейнерлік алаңдарды жөндеу және күтіп ұстау, көгалдандыру жұмыстарының жүргізілетінін атап өтті.
Мәжілісте аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.