Аз балмен де грантқа түсе аласыз — Xnews — ақпарат агенттігі

Аз балмен де грантқа түсе аласыз

Мектеп бітірген әрбір түлектің бір арманы жоғары оқу ордасының грантына қол жеткізу болса керек. Десе де, Ұлттық бірыңғай тестілеу талапкерлердің барлығына бірдей сәтті бола бермейді.

Алайда, қазір білім сынағынан аз балл жинап қалғандардың өзі түрлі бағдарламалар арқылы оқу грантына ие бола алады. Сондай игілігі мол бағдарламалардың бірі – он жылдан бері мемлекеттік деңгейде іске асырылып келе жатқан «Серпін» бағдарламасы. 2014 жылдан бері халық тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр тапшылығы байқалатын солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыруды мақсат еткен бағдарлама биыл да жалғасын таппақ.

Биыл аталған жобаны жүзеге асыру үшін 3 653 грант бөлінген екен. Оның 800-ден астамы түркістандық түлектерге арналып отыр. Бұл жайында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті оқу-әдістемелік бөлімінің әдіскері Нұржан Рүстемова Түркістанда өткен баспасөз жиынында айтты.

– «Серпін–2050» мемлекеттік бағдарламасымен грант негізінде оқуға түскен студенттер толықтай жатақханамен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар оқу бітірген соң университет олардың жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Қазіргі таңға дейін біздің түлектердің барлығы тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондықтан ҰБТ-да төмен балл жинаған түлектерді аталған бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалануға шақырамын, – деді спикер.

Журналистермен кездесуге арнайы келген Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, профессор Сәуле Маханова мен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының магистр – аға оқытушысы Сандуғаш Жиенбай да өз университеттеріндегі студенттерге жасалатын жағдайлар мен оқу орындарының артықшылықтары жайында сөз қозғады.

Бауыржан ЕРМАН,
«Ońtústik Qazaqstan» газеті

Яндекс.Погода
x

Check Also

Түркістан облысындағы су айдындарында қауіпсіздік жұмыстары күшейтілді

Шомылу маусымы баталғанда ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмау керек. Сондай-ақ, судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында ...

«Quiz жас буын. Қаржы. Digital. Құқық» интеллектуалды сайысы өтті

Шымкент қаласында жастар арасында қаржылық сауатты, құқықтық мәдениетті және цифрлық білімді арттыру мақсатында жаңа форматтағы «Quiz жас буын. Қаржы. Digital. ...