Ұлағатты ұстаз, танымал тәлімгер

Облыс орталығындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте осы оқу орнын ұзақ жылдар басқарған Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетовтің өнегелі өмірбаяны мен ұстаздық ұстанымын паш ететін дәрісханалық бөлме ашылды. Аталмыш іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова, сонымен қатар ағамызбен әр жылдары бірге қызметтес болған замандастары қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.

– Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, осы мектепті 20 жылдай басқарған, саналы ғұмырын білім саласына арнаған, еліміздің, облысымыздың, қаламыздың дамуына сүбелі үлес қосқан Жарқынбек Құлбайымбетов атына арнайы дәрісханалық бөлменің ашылуы шын мәнінде маңызы зор бастама. Жарқынбек ағамыздың шәкірттері республикамыздың түкпір-түкпірінде білім саласында қызмет етуде. Ағамыздың зейнеткерлікке шықса да қаламыздың, облысымыздың дамуына атсалысып, қоғамдық қызметте белсене еңбек етіп жүргені біз үшін мақтаныш. Сондықтан бүгінгі іс-шараның тәрбиелік маңызы зор, – деді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы.

Ия, Жарқынбек Құлбайымбетов ақсақал бар ғұмырын білім беру саласын дамытуға арнады. Ол ұзақ жылғы ұстаздық қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «КСРО оқу-ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақстанның оқу-ағарту ісінің озық қызметкері», Ы.Алтынсарин төсбелгілерімен марапатталған. 2004 жылы Түркістан қаласының «Жыл адамы», Ресей халықаралық психология академиясының құрметті мүшесі, Түркістан қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атанды.

Жарқынбек Құлбайымбетов 1941 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Түркістан ауданына қарасты Шойтөбе ауылында дүниеге келген. Үшқайық ауылдық Кеңесіне қарасты Қызылшаруа ауылында өсті. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1964 жылы Шымкент қаласындағы Крупская атындағы педагогика институтын физика, математика пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды.

Уақыт озған сайын өткен күндердің естелік болып, ақыры парақтары сарғайған тарихқа айналары сөзсіз. Егер бір сәтке болса да артқа бұрылып қарар болсақ, сауалы көп, жауабы аз ғұмырдың зымырап өтіп бара жатқаны кім-кімді де ойландырса керек. Осындай артыңа бір қайырыла қараған сәтте «ел мен Отанға дұрыс қызмет ете алдым ба?» деген салмақты сауалдың туары да ақиқат қой. Ондайда жүріп өткен жолыңдағы атқарған істерің, артыңда қалған өнегең кинолентадай көз алдыңнан шұбырып өтері даусыз. Соның ішінен өзіңнің шынайы келбетіңді танып-білерің айдан анық. Осындай сындарлы сәттерден сүрінбей өтетін жандар көп болмаса керек. Сол санаулы саңлақтардың бірі һәм бірегейі бүгінде 80 жастан асса да белсенділігінен танбаған кейіпкеріміз, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов десек қателеспейміз. Олай болатыны, осы бір есім жәдігер шаһардың бағзы тұрғындарына етене таныс. Өйткені ағамыз талай жылдардың керуен-көшімен ілесіп, барша істерде қала жұртшылығымен бірге жасасып, біте қайнасып келеді.

Жоғары білімді ұстаз алғашқы еңбек жолын Түркістан қаласындағы В.Куйбышев орта мектебінде физика, математика пәндерінің мұғалімі болып бастайды. Бірақ сол жылы әскер қатарына шақырылып, 1965 жылға дейін Ленинград қаласында азаматтық борышын өтеп қайтты. Одан кейін Сырдария орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Әрі сырттай оқыту мектебінде кеңес беру бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. 1968 жылы Түркістан қаласындағы Ленин орта мектебінде физика пәнінен дәріс беріп, нақты білімінің тереңдігімен ғана емес, шығармашылық ізденістерімен де танылған білікті ұстаз бір жыл өтпей қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі болып тағайындалады. Осы қызметінде жүріп, жалпы білім беру мекемелерінде оқыту технологияларын жетілдіру, ұстаздар ұжымын ортақ іске ұйыстыра білетін шебер ұйымдастырушылық қабілетімен танылады.

1971 жылы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің директоры қызметіне бекітілген ол өзіне сеніп тапсырылған білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, ұстаз кадрлардың білім сапасы мен біліктілігін арттыруға баса ден қойды. Басшылық қызметте болған жылдарда мектеп оқушылары мен ұстаздар ұжымы білім сайыстарында жиі көш бастап, мектептің абырой-беделі арта түсті.

Жарқынбек ағамыз Сәкен Сейфуллин атындағы мектепті жиырма жылдай басқарды. Осы жылдар ішінде аталған мектепте еңбек еткен жеті мұғалім өзге мектептерге директорлық қызметтерге тағайындалды. Тәжірибесі мол, талапты басшы 1984 жылдан бастап Түркістан аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көптеген реформаларға ұшыраған білім беру саласын тың бағытта дамыту жолында аянбай тер төкті. 1987 жылы аудандық білім бөлімі облыс көлемінде үздік деп танылды. 1990 жылы алғаш рет қазақ тілін оқыту бойынша республикалық конференция ұйымдастырып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұстаздарға өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік ұсынды.

1993 жылы республика көлемінде сабақта техникалық құралды пайдаланып оқыту бойынша семинар өткізіп, аудандық білім бөлімі басшысының іскерлігі жоғары бағасын алды. Жарқынбек Құлбайымбетұлы 1999 жылдан бастап Түркістан қалалық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары, М.Әбенова атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. 2002 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жанынан ашылған «Түркістан» лицейінің директорлығына тағайындалды. Аталмыш білім ордасы 2003 жылы республика бойынша ең үздік 100 мектептің ішінде 37-ші орынға ие болды, 2004 жылы үздік 20 мектептің қатарына кірді. Ал, 2005 жылы оқушылардың ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балы 103,3 балды көрсетіп, республика бойынша үшінші орынды қанжығасына байлады. Осының бәрі Жарқынбек Құлбайымбетұлы басқарған ұжымның бірлігі мен жан аямас тірлігінің арқасында мүмкін болды десек артық айтқандық емес. Зейнеткерлік демалысқа шықса да, шәкірт тәрбиелеу ісінен ұзап кете алмаған ұлағатты ұстаз 2005 жылы өзінің қолтаңбасы қалған С.Сейфуллин атындағы №4 орта мектептің басшылығына қайта оралып, жалпы білім беру ісін жетілдіру жұмыстарын жалғастырды. Ол кісінің тәлімін алып, алдынан түлеп ұшқан шәкірттерінің көпшілігі әрісі шетелдерде, берісі республикамыздың ең мықты оқу орындарында білім алып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада жемісті қызмет атқарып жүр.

2008 жылы үлкен абыроймен құрметті демалысқа шыққан абыз ақсақал бүгінде Түркістан қалалық «Amanat» партиясы саяси бюросының мүшесі, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, қалалық білім саласы бойынша бірлестік төрағасы ретінде де ұрпақтар сабақтастығын жалғап, игі шаралардың бел ортасында жүр. 2016 жылы республикалық ардагерлер кеңесінің VII сьезіне делегат болып сайланып, республикалық ардагерлер кеңесі пленумының мүшесі атанды.

– Біз Жарқынбек атамыздың Сәкен Сейфуллин атындағы мектепке сіңірген елеулі еңбегін ескере отырып, осындай дәріс бөлмесін аштық. Енді мұнда «Әкелер мектебі», «Аталар мектебі» отырыстарын, аталардың, әкелердің тәрбиелік семинар кеңестерін, пәндік дәрістерді өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Сәкен Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінің директоры Рая Ибадуллаева.

Ескендір ЕРТАЙ.
«Ońtústik Qazaqstan» газеті

 

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

Келесі жылдары білім гранттарының саны артады — министрлік

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. — Қазақстан Республикасында ...