Шымкентте қазақстандық Super Bol әлеуметтік-спорттық жобасының гранд-финалы өтті,-деп хабарлайды «24kz» телеарнасы.
Биыл оның ауқымы біршама кеңейді. Өзбекстан және Қырғызстанның әуесқой футболшылары кәсіби спортшы атану мүмкіндігіне ие болды. Іріктеулер және оқу-жаттығу жиындарынан өткендер ақтық матчта өз шеберліктерін паш етті.
Шымкенттегі Super Bol жобасының ақтық матчы нағыз футбол мерекесіне айналды. Қажымұқан атындағы стадионға жиналған жанкүйерлер қарасы қалың болды. Әлемдік футбол жұлдыздары Фадига Халиллу мен Флоран Малуда мәртебелі қонақтар атанды.
Нұрсұлтан Құрман, Қазақстан футзал қауымдастығының вице-президенті:
— Қос бірдей бапкер, аты аңызға айналған Вахид Масудов пен Дмитрий Огай бір ай бойы балаларды дайындады. Мінеки, бүгін 50-ге жуық бала алаңда доп тебеді және оларды бақылауға әлемнің, Қытайдың, Түркияның, Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның топ-клубтарының өкілдері келді.
Давид Лория, Super Bol жобасының бас менеджері:
— Бұл ойынға шамамен 12 скаут келді. Егер жас футболшылар олардың көңілінен шығып жатса, кейбіреуімен кәсіби тұрғыда келісімшарт жасалады.
Super Bol жобасы осымен үшінші жыл әуесқой футболшылардың бағын ашып келеді. Қатысушылар іріктеуден өтіп, футболдың негізіне қанығып, тактикалық әдіс-тәсілдерді үйренеді.
Асқар Омаров, ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директоры:
— Бұл жобаның ерекшесі, бұл жобаға бюджеттен, яғни мемлекеттен ақша жұмсалмайды. Бұған отандық бизнес өзінің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп, осы жылдан жобаны қолдап тұр. Президент бұл жоба туралы біледі. Бұл жобаны қолдап тұр.
Өзбекстан мен Қырғызстан футболшылары асқан шеберлік көрсетіп, көпшілікті тәнті етті. Аса тартысты ойынға атақты Равшан Ирматов төрелік етті. Матч 3:1 есебімен Вахид Масудов командасының жеңісімен аяқталды. «Жоба әлі де жалғасын тауып, географиялық ауқымын кеңейте береді», – деді ұйымдастырушылар.
© «24kz» телеарнасы