Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қалың елдің болашағын қолына сеніп тапсыратын жауапты тұлғасы. Ұстаз сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан ұрпақ тәрбиелеу үшін тер төгеді.
Мақтаарал ауданындағы Т.Әубәкіров атындағы жалпы білім беретін мектепте 30 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан Тарбия Әлібекова, міне, осындай жан. Ол тарих пәнінің мүғалімі, педагог-шебер. Тарбия ұзақ жылғы еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, мектепішілік, аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, ұжым абыройын көтеріп келеді. Ізденімпаз ұстаз: «мұғалімнің негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін, танымдық біліктілігін дамыта отырып, білім сапасын арттыруды ұйымдастыру. Өзінің жұмысында белгілі дәстүрлі әдістермен қоса, оқыту мен тәрбиелеудің жаңа мазмұндағы әдістерін қолданады. Бұл әдістер оқушының жекелей дамуына жақсы әсерін тигізеді. Әр мұғалім сабақтың мазмұны мен формасын нақты ойластыруы тиіс. Сабақтарын қызықты өткізуі керек. Міне, сонда ғана шәкірттер сабаққа белсенді қатысады, барлық тапсырмаларды қызыға орындайды» дейді өз тәжірибесімен бөлісіп.
Тарбия әрдайым байсалды, оқушыны тыңдай біледі, проблеманы талқылауда әдептен аспайды, балалардың жіберген қателіктерін жөнге келтіруде сыпайы қалпынан танбайды. Ойын технологиясын, оқытудың интерактивті әдістерін, әр оқушымен жекелей жұмыс жүргізу технологияларын ретімен қолданады. Ол компьютерлік технологияларды және жоба элементтерін шебер меңгерген.
Күні-түні тынымсыз еңбектенетін ұстаз оқушылардың өздігінен ізденіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға жіті көңіл бөледі. Тарбия сияқты білікті ұстаз шәкірттерінің білім бәйгелерінде үздіктер қатарынан көрінуі де заңдылық. Бүгінде ол оқушыларды олимпиадаға дайындап ғылыми жоба жарыстарына жиі-жиі апарып жүр.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ,
«Ońtústik Qazaqstan» газеті.