Сауран ауданы білім бөліміне қарасты №1 жалпы білім беретін мектеп 2022 жылы 31 наурызда 444 оқушымен өз жұмысын бастады,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда мектепте 560 оқушы білім алуда. Білім ордасында шығармашыл, заманауи, білімді, еңбекқор мұғалімдері оқушыларды өз білімдері мен сусындатып келеді. Мектеп жаңа әрі жас болғанына қарамастан мектеп бітірушілері қорытынды емтихандар нәтижесінде жоғары дәреже көрсетіп, жоғары оқу орындарының грант иегерлері атанып келеді.
Мектеп базасы заманауи құралдармен жабдықталып, онда түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Сонымен қатар, білім беру сапасын арттыру, білім беру ісін жаңа бағытта дамыту мақсатында инновациялық жобалар да өз нәтижесін беруде.
Бұл мектептің тағы бір ерекшелігі әрбір дарынды оқушының дамуы үшін қолайлы орта құру мақсатында олимпиада резервін дайындау жұмысы жолға қойылған. Соның нәтижесінде 2022-2023 оқу жылында 3 оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жүлделі орын иегерлері атанса, 1 оқушысы – Гузал Исмаилова қазақ тілі және әдебиеті пәнінен республикалық кезеніңе қатысып, жүлделі ІІ орын иеленді.
Ал, 2023-2024 оқу жылында 6 оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жүлдегелері атанса, 1 оқушы – Дилафруз Низамова қазақ тілі және әдебиеті пәнінен республикалық кезеніңе қатысып, жүлделі І орынды иеленді.
2023-2024 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасы қорытындыланып, еліміздің 100 үздік олимпиадалық мектептер рейтингісі жасалды. Үздік олимпиадалық мектеп атану үшін республика бойынша 590 мектеп бақ сынады.
Олимпиада қорытындысы бойынша Сауран ауданы білім бөліміне қарасты №1 жалпы білім беретін мектебі 100 үздік олимпиадалық мектеп қатарына енді. Бұл жеңіс мектеп директоры Хамида Чалданованың қажырлы еңбегінің, мектеп мұғалімдерін және шәкірттерін жұмылдыра білген ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілетінің жемісі.