Күн тәртібіне сәйкес, алғашқы болып қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков жетекшілік ететін салалары бойынша хаттамалық тапсырмалардың орындалуын, қала әкімінің жеке қабылдауларында және тұрғындармен кездесу барысында берілген тапсырмалардың атқарылуын баяндады.
Мәдениет үйінің құрылысын өндірістік кестеден кешіктірген мердігерге бірнеше рет ескерту хат жолданып, заң аясында айыппұл салынған. «Отырар» шағын ауданында көппәтерлі 5 қабатты үйлердегі жалпы 2136 пәтердің қазіргі таңда 1718 жеке есеп шот ашып, табиғи газ тұтынуда. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің газ құбырларын ауамен сығымдау жұмыстары толығымен аяқталып «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на тапсырылды.
Газ құбырын тарту кезінде зақымданған көгалды аймақтардың суғару жүйелері, жасыл желек және жаяу жүргіншілер жолы қайта қалпына келтіріліп, абаттандыру жұмыстарын «Жасыл Түркістан» мекемесінің теңгеріміне өткізілуде.
Тұрғындармен кездесу барысында қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне 37 тапсырма берілген болатын. Қазіргі таңда 29 тапсырма орындалып, 8 тапсырманың орындалу сатысы баяндалды.
Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан ұсынылған кестеге сәйкес, қала аумағында нысаналы мақсатына сай емес 49 ғимарат анықталған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 17 нысан нысаналы мақсатын сәйкестендіріп өзгертті. Мемлекеттік актісі берілген мекенжайында қате орналасуына байланысты нақты мекенжай анықтауға қалалық білім бөліміне 9 сұраныс хат жолданған. Нысаналы мақсатын өзгертуге мүмкіндігі бар 11 ғимарат иесіне ескерту берілді. Қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшенов бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
Қалалық Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов қала әкімінің секторлардағы кездесуі барысында көтерілген мәселелерге тоқталды. Сабырханов көшесінің бойына «Халық банк» банкоматын орнату бойынша «Халық Банк» акционерлік қоғамының Түркістан қаласы бойынша филиалының басшылығына хат жолданған. «Яссы» секторында әлеуметтік дүкен ашу үшін «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына ұсыныс жолданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Нұрбол Әбдісаттарұлы мәселені хат жолдаумен емес, заңдылығына сәйкес тиісті жұмыстарды ұйымдастырумен шешу қажеттігін атап өтті. Сала басқармаларымен байланысты жүйелеу қажеттігін де ескертіп, барлық бөлімге бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Мәжіліс қортындысымен хаттамалық тапсырмалар кестесі жаңартылып, бөлімдерге орындауға ұсынылды.