Жасанды жүрек салдырған шымкенттіктер такси айдап, тойға барып жүр, деп хабарлайды 24kz.
Дәрігерлер жаңа технологияны меңгеріп, біраз адамның өмірін сақтап қалды. Мұндай операциялар әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен жасалып жатыр.
Жаңа технология 36 жастағы Мұхаммед Тәжиддиновке де үміт сыйлады. Ол үш клиникалық өлімнен аман қалған. Жасанды жүрек имплантациясынан кейін оның өмірі түбегейлі өзгерді.
Мұхаммед Тәжиддинов, Түркістан облысының тұрғыны:
— Барлығы айтты. Мен 2-3 адамға істетпеймін дедім. Мамама да, жаңа келген әпкем, оларға да айттым мен, істетпеймін дедім. Қанша өмір сүремін, соған дейін жүремін дедім. Жоқ істет деді. Соны істеттім, жақсы шықты.
Жасанды жүректің барлық бөлшектері кеуде қуысының ішіне орналастырылады. Ал электр қуатына арналған құрылғы сыртқа шығарылып, арнайы батареяға қосылады. Оны Мұхаммед кішкене сөмкеге салып, әрқашан өзімен бірге алып жүреді.
Еран Бағдәулет, «Шымкент жүрек орталығы» КЕАҚ үйлестірушісі:
— Жүрек табылғанша бұл аппаратпен өмір сүруге болады. Тойға бару, шетелге қыдыру, кәдімгідей өмір салтымен жұмыс жасап жүре береді. Біздің науқастарымыз бар, такси болып жүреді. Бөлек жұмыс жасайтындары бар. Шетелге баратындары бар. Бір-бірімен араласып, тойларға барады ол кісілер. Ол аппаратты қойған жағдайда адам мүгедек болып, үйінен шықпай қалмайды. Қайта өмірін сақтап тұрады ол аппарат.
Жасанды жүрек имплантациясы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен жасалады. Бұл өмірі қыл үстінде тұрған жандардың қаржылық шығындарсыз көмек алуына мүмкіндік береді.
Сәбит Құралбек, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры:
— Жасанды жүрек қарыншаларын жасау екеуіне бірдей жасағанда біреуінің құны 77 миллион теңге тұрады. Міндетті әлеуметтік мидициналық сақтандыру жүйесі енгелі қосымша қаржы болды да, қазіргі таңда бізде ондай қызмет көрсетудің онға таяу мекеме бар.
Шымкентте осындай 13 күрделі операция жасалды. Қазір тағы 2 науқастың жүрегін ауыстыруға дайындық жүріп жатыр.
Тағы оқыңыз: Жасанды жүрек 36 жастағы азаматқа өмір сыйлады
© «24KZ» телеарнасы