«Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем фильмі
Cценарий авторы және режиссері: Ж. Құсайынов
Аннотация
Жамбыл Жабаев тоқсанға келгенде Қазақстан өнерпаздарының екінші слетіне қатысып, ақындар арасында бас жүлде алады. Оның Сұраншы батыр жайлы дастанын Қалмақан Әбдіқадыров қолма-қол жазып алып, газетке басады. Осы оқиғадан соң, совет идеологиясын жасаушылар Жамбылдың абыройы мен танымалдығын пайдалануға кіріседі.
1936 жылғы мамыр айында Мәскеу қаласында өтетін Қазақстанның өнер және әдебиет декадасына Жамбылды бас ақын етіп жіберу туралы шұғыл шешім шығып, Жамбыл тұлғасымен толықтай айналысады. Оның көптеген өлеңдерін совет саясатына теліп бұрмалайды. Арнайы хатшылар бекітіледі, Жамбылдың күн режимі белгіленеді Алайда, Жамбыл бұған дейін де қазақ арасында зор абырой мен кең танымалдыққа ие болатын. Ол өзінің өлеңдерін бұрмалаушылармен келісімге келгісі жоқ еді. Бірақ совет билігі қолдағы бар тетіктерді пайдалана отырып, оның асау басын ноқтаға сыйдыруға тырысады. Мәскеуден Иосиф Гилман есімді маман келеді. Ол Ораз Жандосовты алға сала отырып, Жамбылға айтарлықтай ықпал жүргізе бастайды. Түрлі тақырыптарға шұғыл жыр жаздырып, едел-жедел орыс тіліне аудартып отырды. Көп жағдайда түпнұсқадағы мағына мен аударманың арасы алшақ жататын. Олар өздеріне қажетті терминдерді кеңінен қосып, бүкілодақтық газет-журналдарға басып шығара берді.
Жамбыл сол кезеңдегі қазақ интелегенциясының темірқазығы болды. Импровизация өнерінде, жыраулық пен шешендікте ешкімге дес бермеген Жамбыл ақын совет өкіметіне дейін-ақ танылып, мойындалған болатын. Ол үш кезеңді өткерді. Қоқан бектерінің құқайы, патшалық Ресейдің әмірі тұсында сыналып, советтік жүйенің озбыр саясатында әбден піскен терең тұлға еді. «Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем фильмі ашатын тақырыптардың бір парасы осы.