Алтынтөбе ауылдық округіндегі (Қазығұрт ауданы) «Бірінші Мамыр» жалпы орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Гүлжан Сәтімбекованың шәкірті Әлия Сүлеймен республикалық ғылыми-зерттеу конференциясында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Конференция «Төрт тоқсан – төрт өнер» мәдени-ағартушылық жобасы аясында өткен болатын.
Әлия Сүлеймен бүгінде 9-сыныпта оқиды. Ол конференцияға «Шұбалшаң мен калифорниялық қызыл құрттың ауыл шаруашылығындағы биологиялық маңызы» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысын жіберген болатын. Әлия осы наурыз айында ZOOM платформасында онлайн режимінде ғылыми жұмысын жақсы қорғап шықты. Ол сынақ кезінде калифорниялық құрттарды үйінің ауласында өсіріп жатқанын, биогумустың ауыл шаруашылығы саласындағы маңызы туралы айтып берді. Нәтижесінде Әлияның ІІ дәрежелі дипломмен марапатталғанын жоғарыда айттық. Ал, жетекшісі Алғыс хатқа ие болды. «Әлиямен алдағы уақытта да ғылыми жобаны одан әрі қарай дамытып, биогумустың құрамын зерттеумен айналысамыз» дейді Г.Сәтімбекова.
Г.Сәтімбекова 2019-2020 оқу жылында 6-сынып оқушысы Аружан Жақсыбаймен бірге бананды жергілікті жағдайда қалай өсіруге болатыны жайлы зерттеу жұмысын қолға алады. Банан туралы Аружан әлеуметтік желіден, баспасөз беттерінен көп мәлімет алады. Көктемде Гүлжан мұғалім оқушысы екеуі Сарыағаш ауданындағы «Жер сыйы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көшет алқаптарына барады. Мұнда көшеттер екі бағытта, яғни ашық және жабық алқаптағы жылыжайда өсіріледі екен. Бұл жерде көшеттердің түр-түрі бар болып шықты.
– Біз зерттеу жүргіземіз деген банан да осында жерсіндіріліп, өсіріліп жатқанына 10 жылға жуықтапты. Тропикалық елдерден әкелінген банан бір рет жеміс беріп үлгеріпті. Бірақ, біздің климат қолайсыздау ғой. Себебі, күзде күн суытады, сол себепті банан жемісі пісіп үлгермей, суыққа ұрынады. Қазіргі уақытта банан азық-түлік ретінде ғана емес, декоративті өсімдік ретінде де өсіріледі екен. Бұл туралы бізге «Жер сыйы» ЖШС директоры Танабай Шынтасов әңгімелеп берді. Жылыжайдың аға күтуші-бағбаны Сапаркүл Келімбетова бананды ыдысқа отырғызып егу мен күтімі жайлы айтты. Осыдан соң оқушым екеуміз бананның көшетін зерттей бастадық, – дейді Гүлжан Сәтімбекова.
Сонымен, Гүлжан жаз бойы шәкіртімен бірге бананды күтіп-баптайды. Күнделікті қалай өсіп жатқанын бақылайды. Қазан айында 2-7-сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» балалар шығармашылық жобалар мен зерттеу жұмыстары конкурсының мектепішілік кезеңінде Аружан Жақсыбай бірінші орын иеленіп, аудандық кезеңге жолдама алады.
Осы аралықта Аружан Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Жас ғалым–2020» ғылыми жоба байқауына қатысып, І орын иеленеді.
Сондай-ақ, 2-7-сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» балалар шығармашылық жобалар мен зерттеу жұмыстары конкурсының мектепішілік кезеңінде 7-сынып оқушысы Шұғыла Әбутәліп бірінші орын иеленіп, аудандық кезеңге жолдама алады. Шұғыла Гүлжан апайының жетекшілігімен «Бөлме өсімдіктерінің тіршілігін зерттеу» тақырыбында ізденген. Солардың ішінде қазтамақ (герань) гүліне ерекше тоқталды. Яғни герань гүлінің басқа бөлме өсімдіктерінен ерекшелігін, оның өсуі, көбеюі, күтімі туралы күнделікті бақылап, зерттеді. Соның нәтижесінде Шұғыла Қазығұрт аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Зерде» ғылыми жоба байқауында биология, химия секциясы бойынша ІІІ орынды еншіледі.
2022 жылы Стамбул және Бурса қалаларында Еуразия инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы бірқатар халық-аралық қоғамдық және ғылыми орталықтармен бірлесіп ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Осы конференцияға қатысқан Гүлжан Сәтімбекова арнайы дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, Алматыда өткен «Білім беру үдерісінде инновациялық технологиялардың рөлі: мүмкіндіктері мен мәселелері» атты І халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты. Конференция жинағына ғылыми-зерттеу мақаласы жарияланып, диплом және арнайы сертификат иеленді.
Иә, Г.Сәтімбекова осылайша оқушыларын ғылымға баулып жүр. Күні ертең Әлия, Аружан, Шұғыла биіктерден көрініп жатса, бұл жеңіске Гүлжан апайлары қосқан үлес өлшеусіз болмақ.
Ажар БЕРМҰХАНОВА,
Қазығұрт ауданы.
«Ońtústik Qazaqstan» газеті