Түркістанда Жеңіс күні атап өтілді

Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында Жеңістің 79 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды, соғыс және тыл ардагерлері, әскерилер, жастар және қала тұрғындары қатысты. Саябақтағы мемориалдық кешені тақырыпқа сай безендіріліп, келушілерге Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне арналған көрме ұсынылды.

Арнайы әскери оркестр сүймелдеуінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалған соң жиынға қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ерлерді, ел басына күн туған кезде өмірін құрбан еткен жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Ел азаматтары ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Түркістан облысының әкімі көпшілікті Жеңіс күнімен құттықтап, бұл мерекенің маңызына тоқталды.

– Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Ерлік – тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады» дей келе азаматтарды ерлік жасауға шақырған. Бұл ретте Қазақстанымыз ержүрек батырларымен мақтанады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күнімен құттықтауында «Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты. Аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатыны сөзсіз»,-деді. Биыл Ұлы Жеңіске 79 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы ең алапат сол майданда қазақ халқы шешуші рөл атқарғаны белгілі. Еліміздің ержүрек жігіттері мен қайсар қыздары әлемде бейбітшілік туын желбірету үшін қан төкті. Ерлік көрсетіп, Ұлы Жеңіске үлес қосты. Тылда еңкейген қария мен балалардың өзі күндіз-түні еңбек етіп, жеңісті жақындатты. Сондықтан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету, олардың ерліктерін ұрпаққа дәріптеу – ортақ міндет. Өйткені, біз – жеңімпаз буынның ұрпағымыз! Ардагерлерімізге, олардың ұрпақтарына амандық, шаттық тілеймін! Биыл Кеңес одағының батыры, алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Қос қаһарманның ерлікке толы өмірі – ұрпақ үшін өнеге! Біз ардагерлеріміздің ерлігін ұмытпаймыз және мәңгі есте сақтаймыз! Елімізде әрқашан бейбітшілік заман, ұрпағымыз аман болсын! Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биіктей берсін! – деді Дархан Сатыбалды.

«Жеңіс» саябағындағы мазмұнды жиында түркістандық «Жаңа леп» ұжымы «Ер есімі – ел есінде» театрландырылған музыкалық қойылымын ұсынды. Облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен Түркістан облысының Қорғаныс істері бойынша департаментінің бастығы Нұрмаханбет Дүйсебаев жастарды отаншылдыққа бастайтын келелі ойлар айтты. Іс-шара «Семсер» тобының орындауындағы Бағдат Алтаевтың «Жеңіс күні» әнімен түйінделді.

Жеңіс күніне орай облыс әкімі Дархан Сатыбалды 102 жастағы түркістандық ардагер Немет Әбдірасиловтың үйіне арнайы барып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Екінші дүниежүзілік соғысының ардагеріне сый-құрмет көрсетті.

Немет Әбдірасилов 1922 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. І дәрежелі Отан соғысы, ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да 24 медальмен наградталған. Соғыс аяқталған соң Түркістан қалалық милицияда және Түркістан қаласының автобазасында жүргізуші болып жұмыс істеген.

Айта кетейік, Оңтүстік өңірінен Екінші дүниежүзілік соғысқа 140 мыңнан астам азамат аттанып, тең жартысы шейіт болды. Оның ішінде 51 жауынгер Кеңес одағының батыры атанса, 8 майдангер III дәрежелі «Даңқ» орденінің кавалері атағын алған.

Бүгінде өңірде Ұлы Отан соғысының 11 ардагері бар. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Жеңіс мерекесінің құрметіне бір реттік материалдық көмек төлеу үшін аудандық, қалалық бюджет есебінен 176,5 млн. теңге қаржы бөлінді. ҰОС ардагерлеріне 1,5 млн. теңгеден үлестірілсе, 3600-ден астам тыл еңбеккерлері мен қаза болған жауынгердің жесірлеріне және басқа да санаттардағы ардагерлерге қаржылай көмек қарастырылды.

Облыстың барлық аудан, қалаларында Жеңіс күнінде отаншылдықты дәріптейтін іс-шаралар ұйымдастырылып, жауынгерлерге, қазіргі ардагерлерге құрмет көрсетілді. Отансүйгіштікті дәріптеу мақсатында алдағы уақытта жастардың қатысуымен іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...