Түркістан облысының жастары үшін биыл арнаулы оқу орындарына 15 500 грант бөлінеді

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен 2024-2025 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру мен бөлу жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында мемлекеттік гранттар саны, оларды түрлі мамандықтарға үйлестіру мәселесі қаралды. Техникалық, нақты жұмыспен қамтылатын мамандықтарға басымдық берілді.

– 2024-2025 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, облыс әкімдігінің салалық басқармалары және аудан, қалалық жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінен мамандықтар бойынша сұраныстар жинақталып отыр. Біз мамандықтарды жүйелеп, қоғамның дамуына нақты ықпал ететін, жастарды жұмыспен, біліммен қамтитын мамандықтарға басымдық беруіміз керек. Әсіресе, техникалық мамандықтар, IT саласы, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау өзекті, – деген комиссия төрағасы Бейсен Дәулетұлы осы бағыттағы ұтымды ұсыныстар назарға алынатынын айтты. Білім басқармасы өкілдеріне жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.

Сұраныстарды нақтылау туралы тапсырма беріліп, бүгінгі күнге 95 мамандық бойынша 20 847 орынға сұраныс түскен. Әсіресе, өңірдегі экономика салаларын цифрландыру, өндіріске ақпараттық технологияларды ендіріп, автоматтандыру мақсатында ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласы үшін 2840 (16,8% көбейген) орынға, облыстағы құрылыс объектілерінде жұмыс істейтін білікті кадрларды даярлау және өндірісті дамыту мақсатында инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары үшін 9644 (26,3% көбейген) орынға өтініш түскен. Олар сараптаудан өтеді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова облыстық және республикалық бюджет есебінен бөлінетін мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бағытындағы жоспарларды айтты. Жаңа 2024-2025 оқу жылына 15 500 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлуге қаржы қаралған. Яғни, осынша грант бар.

Биылғы оқу жылына екі мамандықты ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту жоспарлануда. Облыстың экономикасы ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс және қызмет көрсету салаларына негізделген. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен IT мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған орай, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кадр даярлауда аталған бағыттарға басымдық берілмек.

Биыл 6 мамандық бойынша лицензия алуға жұмыстар атқарылып жатыр. Оның қатарында агрохимия, лифт шаруашылығы және эскалаторлар, жылжымайтын мүлікті басқару, сүт және сүт өнімдерін өндіру, құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру, IT саласының ақпараттық қауіпсіздігі мамандығы бар.

Отырысқа комиссия мүшелері қатысып, кадрларды даярлау сапасын арттыру жайын талқылады. Ұсыныстарды ортаға салды. Өйткені еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, жұмыс берушілердің талабына жауап бере алатын, заманауи құрал-жабдықтарды меңгерген, кәсіби шеберлігі шыңдалған мамандар даярлау – өзекті мәселелердің бірі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

Келесі жылдары білім гранттарының саны артады — министрлік

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. — Қазақстан Республикасында ...