Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің тұрғындармен кезекті кездесуінен соң арнайы мәжіліс өтіп, барлық өтініштер сараланды. Нақтыланған 119 тапсырманың орындалу мерзімі белгіленіп жоспар түзілді,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиналыс барысында шаһар басшысы сектор жетекшілеріне ескерту жасады:
— Әр мәжілісте «Қандай мәселе бар?» деп сұраймын. Үнсіз кетесіздер. Көпшіліктің талап-тілектері орынды. Алайда, айтылған мәселелердің барлығын бүгінге дейін мен сіздерден естуім керек болатын. Секторды құрудағы негізгі мақсатымыз да осы еді — халықпен байланысты нығайту, толғандырған түйткілдерді дер кезінде назарға алып, жұмысты жүйелі түрде атқару, — деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.
Қазіргі таңда тапсырмалар бойынша жұмыс басталып кетті. Бөлімдер алғашқы есебін ұсынып үлгерді.
Бірлік секторындағы саябақтың электр жарығы іске қосылды, Т.Әубәкіров көшесіндегі стрит-воркауттың құрылғылары толық орнатылып, жұмысы аяқталды. Н.Төреқұлов көшесінің бойындағы қоқыстар алынды, Бекзат секторында кәріз жүйелері өткен көшелердің жолдары тегістеліп, қалпына келтірілді. Ә.Жангелдин көшесінің тұйық жолдарына тас төселді. Тұрғындар өтініші негізінде Сабырханов, Мұса Жәлел, Майкотов көшелеріне жол белгілері орнатылып бастады. Жаяу жүргінші өткелдері сызылуда. Майкотов көшесіне аялдама орнату жұмысы басталды.
Естай көшесі бойындағы шұңқыр бекітіліп тегістелді. Абылайхан көшесінің бойындағы аллеяның айналасы, Асфендияров көшесінің бойы ретке келтіріліп, шөптері шабылды.
Отырар шағын ауданында көпқабатты үй тұрғындардың сұранысына сәйкес, залалсыздандыру (дезинфекция) жұмыстары жүргізілуде.
Қала әкімі тапсырмалардың орындалуы кері байланыс арқылы тексеріліп, содан кейін ғана бақылаудан алынатынын атап өтті.