Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары «STEM және креативтілік» оқу-зертханасында 3D-принтерлер мен өзге де жабдықтардың көмегімен телескоп жасап шығарды.
Құрылғы оқу орны ғалымдары іске асырып жатқан «Инженерлік-техникалық салаларда STEAM білім беру негізінде студенттерді ағылшын тілінде даярлау үдерісін дамыту» гранттық жоба аясында әзірленді. Зерттеу тобы құрамында жоба жетекшісі Физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Шерзод Раманкулов, PhD Бақытжан Курбанбеков, магистр оқытушылар Серік Полатұлы, Нұрқожа Жақсылық, докторант Қажымұқан Келесбаев, магистрант Яхё Каримжанов сынды жас ғалымдар бар.
Зерттеушілер жасап шығарған телескоптың жұмыс істеу принципі мен құрылысына сәйкес бөлшектері толық 3D-принтерлерде басып шығарылды. Ғалымдар телескопты студенттермен бірге тексеруден өткізді. Нәтижесінде айдың анық кескіні мен айдың бізге көрінетін бөлігіндегі қара дақтар суретке алынды.
Телескопты ойлап тапқан адамның есімі әлі күнге дейін белгісіз. XVI ғасырда Леонардо да Винчидің телескопты қолданысқа енгізуге тырысқаны белгілі болғанымен, оның жазбалары сақталмаған. Кейбір деректер бойынша, алғашқы телескоп туралы ақпарат XIII ғасырда өмір сүрген ағылшын философы Роджер Бэконның жазбаларында кездескен.
Соған негізделе отырып, ғалымдар телескоптың негізін қалаған Роджер деген пікірге келген. Ал, Декарт өзінің «Диоптрика» жазбасында көру трубасын XVII ғасырдың басында Нидерланд тұрғыны, ғылым саласына қатысы жоқ, қарапайым адам Яков Мециус ойлап тапты дейді. Дегенмен, телескоптың алғашқы сызбасын 1608 жылы бельгиялық көзілдірік жасау шебері Иоанн Липпергсгейм халыққа таныстырған. Ол жасап шығарған дүрбі алыстағы заттарды анық көруге мүмкіндік берді. Оның бастамасы физик, астроном Галилео Галилейді қызықтырмай қоймады. 1609 жылы Галилей қорғасын трубалы, екі бұрышы шыны линзадан тұратын дүрбінің сызбасын жасады. Бірі ішке қарай сығылған әрі жіңішке болса, екіншісі керісінше, ірі әрі сыртқа шығыңғы тұратын.
Галилей дүрбіні алғаш ойлап тапқан адамдардың бірі болмаса да, оның оптикалық заңдарға сәйкес ғылыми негізін қалады. Бұл өнертабысты астрономияда қолдана отырып, түнгі аспанды, айды, жұлдыздарды бақылады. Бұл оның жасаған телескобы талай ғылыми жаңалықтарына бастама болды. Айдың бетіндегі жоталарды анықтап, Үркер (Плеяда) жұлдыздар шоғырынан бұрын байқалмаған 30 жұлдызды анықтады, Орион жұлдыздар шоғырындағы жұлдыздар саны 8 емес, 80 екенін дәлелдеді. Юпитерді бақылай отырып, оның серіктері бар екені, өлшемі жағынан жерден бірнеше есе үлкен екенін атап өтті.
«Телескоп» деген атауды филолог Демесиани берді, мағынасы «алысқа қараймын». 1610 жылы неміс математигі, астроном Иоганн Кеплер көру трубасының құрылысын жетілдірді. Галилейдің алғашқы телескобы 14 есе жақыннан көрсетсе, екіншісі 20 есе, үшінші жасаған телескобы 34,6 есе жақын көрсететін. Ең мықты телескопты 1664 жылы астроном Оз жасап шыққан болатын. Ол затты 600 есе жақын көрсететін, бірақ труба ұзындығы 98 метрге жеткен. Оны қолдану тиімсіз әрі ыңғайсыз еді.
Бұл мәселені 1972 жылы Исаак Ньютон ұсынған телескоп құрылысы арқылы шешті. Оны жаңа құрылысында объективтің рөлін металды ойыс айна атқаратын еді. Телескоп-рефлекторды дамытуға орыс ғалымы М.В. Ломоносов атсалысты.
XIX ғасырдың ортасына дейін үздік телескоп ретінде Уильям Гершельдің өнертабысы танылды. Ол диаметрі 122 см болатын айнаны қолданды. Бүгінде телескоптың бірнеше түрі жарыққа шыққан. Дегенмен, ғалымдар арасында телескоп-рефлекторды (айналы) қолдануды жөн санайтындар қатары көп.
Телескоп (теле және грекше skopeo – қараймын) – аспан шырақтарын электр-магниттік сәуле арқылы бақылауға арналған астрономиялық құрал. Телескоп гаммалық телескоп, рентген, ультракүлгін, оптикалық, инфрақызыл және радиотелескоп; оптикалық сұлбасы бойынша айналы (рефлектор), линзалы (рефрактор) және айналы-линзалы телескоп болып бөлінеді.
Телескоптардың көмегімен фотографиялық, теледидарлық, электронды-оптикалық, т.б. сәуле қабылдағыштарды пайдалану арқылы фотографиялық, спектрлік, т.б. бақылаулар жүргізіледі. Телескоптар пайдалану ретіне қарай: астрофизикалық (жұлдыздарды, планеталарды, тұмандықтарды зерттейтін) телескоп, Күн телескопы, астрометрикалық телескоп, серіктік фотокамералар (Жердің жасанды серіктерін бақылайтын), сондай-ақ метеорларды бақылайтын метеор патрульдері мен кометаларды бақылайтын телескоп, т.б. болып бөлінеді. Күн телескопының трубасы қозғалмай не горизонталь не верткаль тұрады. Телескоптың (оптикалық рефрактордың) көмегімен алғашқы астрономиялық бақылауды Г.Галилей жүргізді.
- Радиотелескоп – жер атмосферасының мөлдірлік терезесі диапазонында космостық обьектілердің радиосәулеленуін кабылдауға және тіркеуге арналған кұрылғы.
- Күн телескопы – арнайы күнді және күндегі дақтарды көруге арналған телескоп
Телескоптар алыстағы нәрселердің кескінін үлкейту үшін қолданылады. Оның көмегімен ғарыштық кеңістіктегі шырақтар туралы аса көп мәлімет алынады. Телескоптың басты әрі негізгі бөліктері — Объектив және окуляр болып табылады. Объектив — бақыланатын объектіге (планетаға, жұлдызға, тұмандыққа), ал окуляр бақылаушының көзіне немесе фотопленкаға қаратылған. Бірінші рефлектор-телескопты (кішкентай айналы телескопты) 1668 жылы Ньютон ойлап тапқан. Бұл кішкентай телескоп осы кезге дейін Лондонда сақтаулы тұр. Соңғы бірнеше жүз жылдың ішінде телескопты екі түрі жасалған: Линза негізіндегі телескоп-рефлакторлар және айна негізіндегі телескоп рефлакторлар. Телескоп түтігінің ашық саңылауына алыстағы шырақтан параллель сәуле шоғы түрінде жарық түседі. Жарық шоғы ойыс айнадан шағылып, жинақталған шоқ түзеді. Көлбеу жазық айна өзіне түскен жинақталған шоқты окуляр жаққа қарай шағылдырады. Сондықтан аспап объектісінің кескіні окуляр фокусының маңында үлкейіп көрінеді.
Сонымен қатар «STEM және креативтілік» оқу-зертханасында баламалы энергия көздері саласындағы білім берудің тиімділігін арттыру мақсатында бірнеше STEM стендтері іске қосылды. Күн және жел энергиясының физикалық сипаттамаларын зерделеуге мүмкіндік беретін стендтер оқу үдерісіне ендіріліп, апробациядан өтті. Арзан және қолжетімді түрде құрастырылған бұл стендтерде бірнеше зертханалық жұмыстарды орындауға болады.
Жобаны іске асыру барысында алынған нәтижелер өнеркәсіптік революцияның білім беру жүйелеріне оң әсерін тигізеді, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі өзге де өзекті мәселелердің шешімін іздеуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: anyq.kz