Созақ ауданында 20 жылдық түлектер игі іске ұйытқы болды. Аудан орталығында орналасқан Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінен 2004 жылы түлеп ұшып, қазіргі кезде түрлі салада қызмет етіп жүрген түлектер бір отбасыға тұрғын үй сыйлап, қуанышқа бөледі,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келешек ұрпаққа берер тағылымы мол шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков баспана иесін қоныс тойымен құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Сондай-ақ 20 жылдық түлектерге алғысын жеткізіп, алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев сауапты істі аса ұйымшылдықпен атқарған жандарға ізгі тілегін арнады. Тағылымды шараның куәсі болған ардагер ұстаздар ізгі тілектерін шәкірттерінің жасаған ізгі амалдары мен жеткен жетістіктеріне деген мақтанышпен жеткізді.
Аудан орталығынан берілген баспана 5 бөлмеден тұрады. Су, жылу сынды коммуналдық қызметтері жүргізіліп, асхана және қора-жаймен қамтылған. Жер учаскесі 10 соттықты құрайды. Үйдің аумағы қоршалған. Қосымша бау-бақша өсіруге де қолайлы.