Шымкенттік өрт сөндірушілер тактикалық оқу-жаттығу өткізді (видео)

Шымкенттік өрт сөндірушілер тактикалық оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі «24.kz» телеарнасына сілтеме жасап.

Құтқарушылар орман-дала алқаптары отқа оранатын болса, шұғыл тойтарыс берудің әдіс-әрекеттерін пысықтады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
— Құтқарушылардың қабілет-қарымы, батылдығы мен ептілігі сыналатын оқу-жаттығу жиыны түрлі сценарий желісі бойынша өрбіп жатыр. Тілсіз жау орман даласының әр жерінде тұтанды. Қазір менің артымдағы топ өршіген өртті ауыздықтау үшін судан қорған жасап жатыр.

Орман өрті шамамен 10-15 минутта төңірегін түгел шарпуы мүмкін. Сондықтан оқиға орнына бірінші жеткендер оның таралуын тоқтату үшін  түрлі әдістер пайдаланды. Су қысымы арқылы қалқан жасап, жалынның жайылуын тоқтатты. Кешенді жиынға қатысушылар көз аштырмайтын қою түтінге қарамай, өзге де кедергілерді еңсерді.

Нұридин Тілеубердиев, №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:
— Қиындық туындайды әрине. Кейбір тұстарда кедергілер болады. Мысалы, жол жабық болады. Сол себепті біз кейбір кезде кедергілерге тап боламыз. Бұл жерлер степной болғаннан кейін су гидранттары жоқ. Водовоздарды шақырамыз. Олар келеміз дегенше өрт біраз жерді шарпуы мүмкін.

Шымкенттің орман қорында 612 гектар жер бар. Ал дәнді дақылдардың егістік алқабы бұдан ондаған есе көп. Сондықтан сценарий бойынша дала өртін сөндіру әрекеттері де пысықталды. 

Асхат Кісетаев, мамандандырылған жасақтың аға өрт сөндірушісі:
— Оқу-жаттығу жиынында бізге жүктелген міндет үй-жайларды сақтау үшін техникалар бара алмайтын жерлерге, күштік құралдар жетіспейтін жағдайда осы хлопушкалармен өшіреміз.

Жаз маусымы алдында тілсіз жауға қарсы жаттығуларды ұдайы өткізу маңызды. Себебі оңтүстікте күн райы 40 С-қа дейін ысып, қауіп күшейеді. Сондықтан сала мамандары оқу-жаттығу кезінде бірлесіп әдіс-әрекеттерді жүйелейді. Дайындыққа 300-ге жуық құтқарушы мен 80 арнайы техника жұмылдырылды.

Асқар Шәріп, қалалық ТЖД ресми өкілі:
— Қазіргі уақытта бұл жасыл белдеуге жақын аймақта орналасқан өрт сөндіру бөлімдері бар. Орташа есеппен 10-15 минут шамасында жетеді. Жалпы бізде бірлескен іс-әрекет алгоритмі бар. Сол алгоритмге сәйкес алғашқы жеткен өрт сөндіру жетекшісі жалпы өрттің негізгі шығу себебі және таралуы бойынша өзінің бағасын бере отырып, күштер мен құралдарды орналастырады.

Қазір өрт ошақтарын анықтау анағұрлым жеңілдеді. Дрондармен әуе арқылы барлау жасап, жоғары температураны бақылайтын заманауи құрылғылар жиі пайдаланады. Бірақ өртті оқшаулау оңайға соқпайды. Көбіне тілсіз жау қауіпсіздік ережелеріне бейжай қараудан болатынын ескерсек, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізу аса маңызды, дейді мамандар.

© 24.kz телеарнасы

x

Check Also

В Туркестанской области проведены профилактические лекции с участием 48 тысяч молодых людей

В актовом зале Департамента полиции Туркестанской области проведен Координационный совет правоохранительных органов с участием акима области Дархана Сатыбалды. В мероприятии ...

Түркістан облысында 48 000 жастың қатысуымен профилактикалық дәрістер өткізілген

Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында есірткінің заңсыз айналымына қатысты мәселелерді талқылау мақсатында Үйлестіру кеңесі өтті. Оған облыс әкімі Д.Сатыбалды ...