Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясының кезекті апталығы қорытындыланды (видео)

Экологиялық науқанға қатысушылар саябақтар мен аулаларды қоқыстан тазартып, коммуналдық сала қызметкерлеріне қолғабыс жасады. Жастар мен қариялар жағы өзара сабақтастық орнатып, бір кісідей жұмылды, деп хабарлайды 24KZ телеарнасы.

Абай, әл-Фараби аудандарында талдардың түбі әктеліп, қоқыс салатын жәшіктер мен орындықтар сырланды. Тазалық науқанына коммуналдық сала және жергілікті әкімдік өкілдерінен бөлек, 200-ден аса тұрғын атсалысты. Ардагерлер алқасының өкілдері де шарадан тыс қалған жоқ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
— Республикалық акцияның кезекті апталығы Абай ауданы аумағында басталды. Белсенді топ «Агропром» гүлзарын қалпына келтіруге жұмылып, ағаш түптеріп әктеді. Артық бұтақтарды қырқып, шөп орды. Ұрпақ сабақтастығымен жарасым тапқан тазалық ісіне 100-ден аса адам белсене қатысты.

Смайл Сейтімов, ардагерлер кеңесінің мүшесі:
— Біздің кезімізде еңбек пен білім қатар жүретін. Қазір соның бір түрі, мінекей. Көбісі жастар жүр. Мына жер таза болып тұрса, адамның көңіл-күйі де көтеріңкі болып тұрады. Бәрі жақсы болады.

Ұйымдастырушылар жағы қажетті құрал-сайманмен қамтуды үйлестірді. Күрек, тырмадан бастап ауылшаруашылық техникаларының жұмысын жүйеледі. Осылайша, әп-сәтте еңбек өнімділігі артты.

Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары:
— Әр аумақта бізде арнайы бекітілген бригадалар бар. Сол бригадалардың құрамында сол аумақтағы гүлзар, аяқжолдар, лоток жүйелері болады. Сол аумаққа кіретін жердің бәрін тазалап келе жатырмыз.

Экологиялық науқан Әл-Фараби ауданы аумағындағы 3 бірдей көпқабатты тұрғын үй секторында жалғасты. Тазалыққа тұрғындардан бастап ақсақалдар алқасының өкілдері мен еріктілер жұмылды. 13 техниканың көмегімен 2,5 шақырым болатын ирригациялық жүйе тазартылды.

Исамудин Рысбаев, әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Кішкентай баладан үлкен қарттарға дейін осы «Таза қала» акциясына бәрі бір кісідей атсалысып жатқаны мені қуантады. Қариялар жұмыс істеп жатқанда жастар қарап тұрмайды. Сондықтан біздің осы жүрісіміз бен тұрысымыздың өзі жастарға үлгі.

Әбдіпаттах Розақұлов, коммуналдық сала қызметкері:
— Қазір жұмысымыз жеңілдеп қалды. Волонтерлер, Шымкент қаласының адамдары бәрі көмектесіп жатыр. Тазалық мәдениеті сәл болса да жақсы жүріп жатыр. Адамдар ақырындап үйреніп жатыр.

Жалпықалалық науқанға мыңдаған адам жұмылып, 200 тоннадай күл-қоқыс шығарылды. Сенбілікке жастар мен қариялар бір кісідей атсалысты.

Экологиялық акцияға жастар мен зейнеткерлер қатысты. Олар Бадам өзені жағалауын арам шөптен тазартып, қоқыс жинады. Көпшілік серуендейтін жол бойын сыпырып шықты.

Есенбек Битаев, қала тұрғыны:
— «Әрбір адам айналасын таза ұстаса әлем таза болады»,-дейді. Еліміздің таза болуы сіздер мен біздерге байланысты. Қазақстан гүлденуі үшін, елдің таза болуы үшін атсалысуымыз керек.

Акция қалаға қарасты 5 ауданды қамтыды. Белсенді топтың қатысуымен «Астана аллеясы», «Қасірет мемориалы» және «Орталық саябақта» ағаш түптері қопсытылып, артық бұталар қырқылды. Бүлінген орындықтар қалпына келтіріліп, қоршаулар сырланды. Өнегелі әрі игі іске мыңнан аса адам үлес қосты.

Пердеш Есенбеков, Қаратау аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
— Туған қаламызды, туған жерімізді абаттандыру үшін әрбір азамат азаматтық жүрекпен, адал ниетпен қызмет ете беру керек деп ойлаймын. Біз сондықтан сол жұмысқа барлық азаматтарды, тұрғындарды сенікі менікі демей атсалысуға шақырамыз.

Қаладағы жеке тұрғын үйлердің басым бөлігі Еңбекші ауданында орналасқан. Мұндағы халық «Достық ауласы», «Менің мекенім» деген акцияға қатысты. Жалпы 1 ай ішінде 900 тонна күл-қоқыс арнайы полигонға шығарылды.

Досалы Амангелдиев, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары:
— Акция барысында 1200-ден астам біздің көшеміз, мыңнан аса тратуарымыз, сонымен қатар 130 шақырым болатын арық-атыздар, ирригациялық арықтар тазаланды. Барлық тұрғындар белсене қатысты.

Тұрғындардың жаппай қолдауына ие болған эко акция жыл соңына дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар науқанның қорытындысында үлгілі аула иелерін марапаттайды.

© 24.kz

x

Check Also

Шымкентте «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асуда

Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 ...

Новая подстанция в Шымкенте решит вопрос качественного электроснабжения целого массива

В Шымкенте ввели в эксплуатацию новую подстанцию мощностью 36 МВт с кабельной линией на 110 кВ, что знаменует важный этап ...