Сені жазғы лагерьлер күтеді, жас өрен!

Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында 22 жазғы сауықтыру лагері (7-еуі мемлекеттік, 15-і жекеменшік) қызмет көрсетеді деп жоспарлануда.

Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35 482 оқушы бюджет есебінен тегін демалса, 20 мыңға жуық оқушы ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен 3421 оқушы тегін жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамтылады.

Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды лагерьлердің жұмысын қатаң қадағалауды және балаларға жақсы жағдай жасауды тапсырды.

– Лагерьлердің инфрақұрылымы, тамағы, жатын орны бәрі талапқа сай болуы тиіс. Суы, қоршаған ортасы, ауасы таза әрі денсаулықты нығайтуға қолайлы болғаны жөн. Тағы да тексеріп, пысықтап шығыңыздар. Екіншіден, лагерьлердің күзет қызметін, жалпы қызметкерлерін тәжірибелі мамандармен қамтыңыздар. Бірінші орында балалардың қауіпсіздігі мәселесі тұруы тиіс. Осы салаға жауапты басшыларға биылғы демалыс маусымын мазмұнды әрі сапалы өткізуге, балалардың алаңсыз тынығуына барлық жағдайды жасауды тапсырамын, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің айтуынша, қала сыртындағы лагерьлер маусым айының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, Түлкібас пен Төлебидегі «Самал» және отбасылық үлгідегі балалар лагерінде облыстағы 2 отбасылық үлгідегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады.

Тәртібі бойынша мектепішілік тізімде және полиция есебінде тұратын 1100 оқушы Төлеби ауданындағы «Тау барысы» лагерінде шатырлы лагерьмен қамтылады. Ал, жаз айларында 266 оқушы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерьлерінде тынығады.

Балаларды жазғы сауықтырумен қамтамасыз ететін лагерьлер бейнебақылау жүйелерімен, күзет қызметімен, байланыс құралдарымен, өрт дабылдарымен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылатын дабыл батырмаларымен жабдықталуда.

Жазғы сауықтыру лагерьлерінде балалар қауіпсіздігі үшін күзет агенттіктері қызмет көрсетеді және орналасу аумағына қарай полиция қызметімен бірлескен жұмыстар жүргізеді.

Сонымен қатар, өңірде мектеп жанындағы бір мезгіл тамақпен қамтитын 350 лагерь (105 987 оқушы қамтылады) және 648 ойын алаңшасы (214 654 оқушы қамтылады) балалар үшін қызмет көрсетеді. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 108 мың оқушы көркейту, көгалдандыру жұмыстарына тартылып, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына көмекші ретінде қатысады. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 446 педагог қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 колледж студенті дуальдық білім беру аясында жұмысқа тартылады.

Оқушылар үшін мәдени-ағартушылық, әскери-патриоттық және спорттық бағыттағы 83 облыстық іс-шаралар тізбесі бекітілген. Жаз айларында «Ұлттық мектеп лигасы» жарысы, «Жас құтқарушы» сайысы, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны, «Ашық алаң» дебаттық үйірмелері, ұл және қыз балалар арасындағы облыстық футбол турнирі, мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы «Интеллектуалды ұлт» шахмат турнирі, «Менің аулам» әлеуметтік жобасы, «Жасыл сақшы» және «Тұран скауттары» жобалары іске асырылады.

Дереккөз: okg.kz

x

Check Also

Представители СМИ посетили рудник «Заречное»

АО «НАК «Казатомпром» организовало пресс-тур на рудник своего дочернего предприятия АО «СП «ЗАРЕЧНОЕ», расположенный в Отырарском районе Туркестанской области. Поводом ...

БАҚ өкілдері Қазатомөнеркәсіптің «Заречное» кеніші жұмысымен танысты

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Түркістан облысының Отырар ауданында орналасқан «ЗАРЕЧНОЕ» БК» АҚ еншілес кәсіпорнының кенішіне баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шараны өткізуге әлеуметтік ...