Түркістан облысына ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен келді.
Денсаулық сақтау министрі халықпен кездесіп, өңірдегі медициналық нысандарды аралады, азаматтарды жеке өтініштерімен қабылдап, брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Ақмарал Шәріпбайқызы алдымен халқы тығыз орналасқан Сауран ауданына барды. Аудандағы орталық емхананың жай-күйімен танысып, жергілікті халыққа көмек көрсету сапасын бақылады. Емхана құрылымында 5 бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы, 10 дәрігерлік амбулатория, 13 фельдшерлік-акушерлік бекет, 3 медициналық бекет, 3 ІV санатты жедел жәрдем бригадасы, 1 зертхана бөлімі, 1 жылжымалы медициналық кешен бар.
5 құрылымдық мекемеде, атап айтқанда Шаға, Ораңғай, Ескі иқан, Қарашық Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталы мен А.Үсенов дәрігерлік амбулаториясынан зертхана бөлмелері жасақталған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев медициналық нысандарды таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Сондай-ақ министр Түркістан қалалық емханасының жұмысымен танысты. Қалалық емханада 94 432 азамат тіркеліп, медициналық көмек көрсетіледі. Мекемеде 70 аймақ дәрігері жұмыс атқаруда. Қалалық емхананың жұмысы жүйелі екенін атап өткен министр, қызмет көрсету сапасын оң бағалады.
Түркістандағы сапар барысында Ақмарал Шәріпбайқызы өңірдегі медицина ұйым басшыларымен бірге жергілікті тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Министр жергілікті атқарушы орган өкілдеріне аталған проблемаларды дереу шешуді тапсырды. Халық сапалы медициналық көмекпен қамтылуы тиіс екенін ескертті.
Одан кейін еліміздің бас дәрігері өңір тұрғындарын жеке қабылдады. Түркістандықтар министрге шет елге берілетін квота, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ауру диагноздарын нақтылау бойынша ұсыныстары мен шағымдарын айтты. Жеке қабылдауда тұрғындардан түскен барлық өтініштер бақылауға алынып, шешу жолдары бойынша салаға жауапты мамандарға тапсырмалар берілді.