Қазақ халқы кешегі аумалы-төкпелі заманда қаншама ұлтқа пана бола білді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін осы этностарды ортақ құрылымның аясына біріктірудің бірден-бір жолы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру еді. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналған. Сараптай білген жанға бұл үлкен нәтиже.
Әлемдік деңгейдегі сарапшылар кезінде (Кеңес Одағы уақытында) көпұлтты ел атанған Қазақстанды болашақта ұлтаралық қақтығыстар мен шиеленістердің ошағына айналады деп болжағаны белгілі. Уақыт еліміздегі ұлтаралық саясаттың дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқанын күннен-күнге дәлелдей түсуде. Қазір сол әлемдік деңгейдегі сарапшыларымыз біздің қоғамдық келісіміміз бен ұлтаралық татулық тұрғысындағы саясатымызға қызыға қарайды.
Бүгінде елімізде мыңға жуық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың мақсаты –мемлекетіміздегі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен тұтастығын сақтай отырып, олардың мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрлерін дамытуына қолдау көрсету. Оған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Осындай шаралардың нәтижесінде өзге ұлт өкілдері елімізде атқарылып жатқан ауқымды, оның ішінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған бастамаларға белсенді түрде атсалысып, ел дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.
Облыста өзбек, славян, түрік, күрді, иран, қырғыз, тәжік, шешен- ингуш, татар-башқұрт, ұйғыр, грек этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Сонымен қатар, қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңестері, ғылыми-сарапшылық топ, медиация кеңесі, медиация кабинеті, қайырымдылықты үйлестіру, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Достық» және «Айбын» клубтарының да жұмыстары өте жемісті десек, қателеспейміз.
Облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, этносаралық ахуалға тұрақты мониторинг жасайды, этностар көп шоғырланған аймақтардың өзекті мәселелерін саралайды, проблемаларын анықтайды және олардың шешу жолдарын қарастырады.
Мәселен, аталмыш мекеменің Сайрам аудандық филиалы аудан аумағында орын алған мәселелерді, этносаралық шиеленістерді, кемсітушілік және қақтығыс фактілерін, этносаралық саладағы тоқсандық өзгерістер динамикасын талдайды. Этносаралық салада орын алып жатқан мәселелер бойынша тоқсан сайын зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мониторинг жасайды.
Сайрам ауданында этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған жоспарлар кестеге сай орындалуда деуге болады. Әлеуметтік желіде филиалдың ресми фейсбук парақшасы бар, онда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының Даму тұжырымдамасын іске асыру мақсатындағы тапсырмалар жоспарға енгізіліп, бүгінгі күні осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аудан аумағындағы медиаторлар және ауылдық округтердегі татулыққа жауапты қызметкерлер 42 елді мекенде бірлесе жұмыс істеуде.
Айталық, жақында ауданда медиация кеңесінің «Дауларды медиация тәсілімен шешудің оң тәжірибесі» атты тақырыпта кеңейтілген мәжілісі өтті. Онда өркениетті елдердегі медиация институттары жайлы айтылды. Ал, Ақсукент ауылындағы №7 жалпы орта мектепте «Отанды сүю – ұлы сезім» тақырыбында этнос жастарымен өткізілген кездесуде жастарды әскери өмірге қызықтыруға басымдық берілді. Несиесі бар сарбаздардың банк алдындағы берешегін төлеу мерзімі кейінге қалдырылатыны, әскери борышын өтеп келгендердің жоғары және арнаулы оқу орындарына ақылы негізде түсу құқығына ие болатыны секілді маңызды ақпараттар айтылды.
Сайрам ауданында бүгінде 40-қа жуық этнос өкілі тұрады. Олар өңірдің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосып келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында табысты еңбек етіп келе жатқан этнос өкілдері жетерлік. Білім, ғылым, мәдениет салаларында жетістікке жетіп жүргендері де аз емес.
Базарбай АЙТБАЕВ,
Облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы.
Дереккөз: «Оңтүстік Қазақстан» газеті