Қазығұрт ауданындағы Сарапхана ауылдық округінің Майлыошақ ауылында Ахмет Байтұрсынов атындағы 300 орынды мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Мектептің ашылу салтанатына ауылдың үлкен-кішісі түгел жиналды. Құрылысты жүргізген мердігер мекеме өкілі майлыошақтықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мектеп директорына мектептің символикалық кілтін табыс етті.
Заманауи білім ордасында жас ұрпақтың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда физика, химия, биология, информатика кабинеттері жаңа технологиямен жабдықталған. Сондай-ақ, акт зал және спорт залмен, жүз орынды асханамен қамтылған. Кітапхана мен медициналық бөлме де оқушылардың игілігіне қызмет етеді. Мұнда 261 шәкірт білім алады. Шәкірттерге 41 мұғалім дәріс береді. Мектеп директоры Сапарғали Бөрібаевтың ұйымдастыруымен демеушілер тартылып, 20 кабинет талапқа сай безендірілді.
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген сөзі бар. Балаларды білім жолына тартып, санаға сәуле шашып отырған білім шаңырағында оқушылардың жан-жақты жетілуіне педагогикалық ұжымның қосып отырған үлесі мол, – дейді мектеп директоры С.Бөрібаев.
Рас, білім сапасын жақсарту мұғалімнің кәсіби біліктілігіне байланысты. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде олар бірқатар биіктерді бағындырды. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Н.Ешанқұлова білім сапасын көтеру, баланың функционалдық сауаттылығы мен шығармашылық қабілетін арттыру жолында педагогикалық ұжыммен тыңғылықты жұмыс істеп келе жатқандарын айтады.
Мектепте балаларға қазіргі заманға сай сапалы білім беруде өздігінен ізденіп, республика көлеміндегі онлайн сабақтарға қатысып, біліктілігін жетілдірген мұғалімдер көп-ақ. Айталық, математика пәнінің мұғалімі Мәндіқыз Жақсыбаева, физика пәнінің мұғалімі Майра Жұмабаева, бастауыш сынып мұғалімдері Өмірәлі Молдабеков пен Күлімхан Бөртеева әр сабағында бала жүрегіне жол тауып, өз еліне қызмет ететін тұлға қалыптастыруға жіті көңіл бөледі.
Мектеп оқушылары олимпиадалар мен спорттық жарыстарға, өнер фестивальдеріне, түрлі байқауларға ұдайы түрде қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Музыка пәнінің мұғалімі Сәулеш Тасбауова жетекшілік ететін «Сәулем-ай» би тобы жуырда облыстық байқаудан жүлделі оралып, Түркияға жолдама алды. Сол секілді мектепте қолөнер жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Нысанбай Досалының шәкірттері аудан, облыс деңгейіндегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүр. Ал, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жүнісбек Бекжігіт шәкірттерді ұлттық спорт түрлеріне баулуда. Ол асық атудан өткен ұстаздар арасындағы республикалық турнирде 1-орынды еншіледі, ал, ләңгі тебуден аудандық жарыста шәкірттері Абдықадыр Балжігіт І орын, Қилыбек Мағжан ІІ орынды иеленді.
Академик Мейірбек Оразов, генерал Еркін Мұсабаев осы мектептен түлеп ұшқан. Оларды ауылдастары әркез мақтан тұтады.
Мектептің жаңа ғимаратының ауласына 90 түп арша мен 280 түп раушан гүлі егіліп, айналасы қоршалды. Саябақты оқушылардың өздері күтімге алмақ.
Ажар БЕРМҰХАНОВА,
«Ońtústik Qazaqstan» газеті