Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жұмыс жоспарына сәйкес мәжіліс өткізіп, атқарылған жұмыстарды саралады,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырар мөлтек ауданындағы көпқабатты 36 үйді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешу және сол үйлердің аулалары мен сыртқы жарықшамдарын ретке келтіру бойынша берілген тапсырманың орындалуын әкімнің салаға жетекшілік ететін орынбасары Байдулла Оразбеков баяндады.
Жобада көзделгендей, қазіргі таңда 2136 пәтерде газбен жабдықтау құрылыс монтаж жұмыстары толықтай аяқталған «КазТрансГазАймақ» АҚ арқылы дербес шот ашып, тұрғындар табиғи газ тұтынуды бастады. Ал, газбен жабдықтау құрылысын жүргізу барысында аулаларда зақымдалған көгалдар мердігер мекеме тарапынан ретке келтірілуде. Сонымен қатар, аула жарықшамдарының зақымданған желілері қалпына келтірілуде.
Қаладағы сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат тілін реттеу және жүйелеу мәселелерімен әкімдік жанынан құрылған жұмысшы топ айналысуда. Бүгінгі таңда 50 нысан араланып, нәтижесінде сыртқы және ішкі жарнамалардың заң талаптарына сәйкес келмейтін 22 жағдайы анықталған. Жұмысшы топ кәсіпкерлерге заңдылығын түсіндіріп, ескерту берді.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, көшелерді түгендеу жұмыстары атқарылып, нәтижесінде Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында атауы жоқ 12 көше анықталған: 3 көшесіне ұсыныс берілген, қалған көшелері құжаттандыру сатысында.
Қалалық Полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Мұратов өткен аптада белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастаған 185 құқықбұзушы анықталып, ҚР Әкімшілік кодексінің 434-2 бабымен жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
Абаттандыру қағидаларын бұзған 64 тұлғаға Әкімшілік кодекстің 505-бабымен хаттама толтырылып, есткерту берілген.
Күн тәртібіндегі мәселелерді саралай келе Нұрбол Әбдісаттарұлы Б.Саттарханов даңғылы және 9-11 көшелердегі нысандардың қасбеті мен орналасқан жарнамаларды реттеуді тапсырды. Тұрғындардың сұранысын ескере отырып қоғамдық көлік бағытттарын көбейту қажеттігін де атап өтті. Сондай-ақ, 2025-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке ұсыныс әзірлеуді, жобалар мен құжаттарын кешіктірмей рәсімдеуді тапсырды.
Тапсырмалардың орындалуын бақылау ұйымдастыру-инспекторлық бөлімге жүктелді.