«Жайлы мектептер» – мектеп тапшылығын шешуге бағытталған үлкен мүмкіндік

Түркістан облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 63 жаңа мектеп бой көтереді. Келешекте ол мектептерде 49 мың бала білім алады. Салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін әрі демографиялық ахуалын ескере отырып анықталған.

Сондықтан «Жайлы мектеп» жобасы – өңірімізде мектеп тапшылығын шешуге бағытталған үлкен мүмкіндік.

Мемлекет басшысының бастамасы негізінде қолға алынған заманауи, жайлы мектептердің салынуы өңірдегі үш ауысымды білім ошақтары мен апатты мектептердің проблемаларын шешеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған жоба аясындағы жұмыстарды саралау үшін жауапты мердігерлер мен жобаны үйлестіруші «Самұрық-Қазына» қоры өкілдерінің басын қосты. Мәжілісте ұлттық жобаны өңірде жүзеге асырудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.

Әкім төрағалығымен өткен мәжілісте пилоттық жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланды. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға жұмысты ширатуды тапсырды. Жұмысшыларды көбейтіп, құрылыс кестесін екі ауысымда жүргізуді міндеттеді. Облыс әкімі жаңа мектептердің құрылысына құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажеттігін айтты. Алайда, құрылыс материалдарының бағасын шарықтатпауды қатаң ескертті. «Жайлы мектептерді» білікті ұстаздармен қамту мәселесі аса маңызды. Бұл ретте тараптардың қатысуымен апта сайын жиналыс өткізу жоспарланды.

Пилоттық жобаның өңірде жүзеге асуын облыс әкімі жеке бақылауына алған. Бекітілген кестеге сай 29 білім ұясы биыл пайдалануға берілмек, олардың 19-ы шәкірттерге есіктерін 1 қыркүйекте айқара ашады деп күтілуде. Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде, яғни 2025 жылы тағы 34 мектеп пайдалануға беріледі.

– Президент жүктеген тапсырманы орындау үшін жұмыла жұмыс істеген дұрыс. Осы жобаны жүзеге асыру бойынша арнайы штаб құрылып, жоспар бекітілген. Енді осы жұмыстарды сапалы жүзеге асыру керек. Білім ұяларының құрылысын уақтылы әрі талапқа сай етіп аяқтау бағытында жұмысты жандандыру қажет. Отандық құрылыс материалдарын пайдаланып, өз өндірушілерімізге қолдау көрсетілетін болады. Алайда, әлеуметтік маңызы бар құрылыстан пайда табуды көздемеуге шақырамын. Бағаны шарықтатпау керек. Бұл жобаның талапқа сай жүзеге асуы – сіз бен бізге сын. Кәсіби мамандар жасақтауды тездетіңіздер. Ең бастысы, құрылыс мерзімінің кешігуіне ешқандай жол беруге болмайды. Осыны ұмытпайық. Сапаның ақсамауын да қадағалаңыздар, – деп атап көрсетті Дархан Амангелдіұлы.

Құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылатын оқу нысандары заманауи құралдармен жабдықталады. Оқу кабинеттері, санитариялық тораптары және спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылған. Оған қоса, жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілмек. Мектептердің құрылыс материалдары бойынша да, сыртқы және ішкі көрінісі, сәулеттік жобасы бойынша да барлық мердігерге бірыңғай нұсқа берілген.

Дереккөз: «Оңтүстік Қазақстан» газеті

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

Келесі жылдары білім гранттарының саны артады — министрлік

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. — Қазақстан Республикасында ...