Шымкентке Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі жұмыс сапарымен келді. Назгүл Ерікқызы Сағындықова алдымен қаладағы «Белсенді ұзақ өмір орталығының» жұмысымен танысып, жұртшылықпен кездесті. Үкіметтік емес ұйым өкілдері мен мүгедектігі бар азаматтардың ұсыныс-пікірін тыңдады.
Шымкенттегі «Белсенді ұзақ өмір орталығы» елімізде теңдесі жоқ мекеме. Мұнда аға буын азаматтарының өмір сүру сапасын арттыруға, олардың белсенділігі мен зияткерлік, шығармашылық, қоғамдық қызметке тартылуына бағытталған жұмыс жүргізіледі. Үшінші мегополиске іс-сапармен келген саланың вице-министрі алдымен аталған орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты.
Орталықта зейнет жасындағы азаматтарға әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бос және демалыс уақытын тиімді өткізу үшін арнайы мәдение жиындар ұйымдастырылады. Рухани дамуына бағытталған түрлі шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Шымкент шаһарында дәл осындай үш мекеме бар, ал оларда бір күнде 690 зейнеткер қызмет түрін алады. Қалада зейнет жасындағы 90 мыңдай қарт бар екені ескеріліп, биыл тағы бір «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылмақ. Мекеменің жұмысымен танысқан вице-министр үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, тұрғындармен кездесті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атқарған жұмыстары туралы да айтты. Әлеуметтік саладағы өзгерістер жайлы айтып, Әлеуметтік кодекспен таныстырды.
Назгүл Ерікқызы Сағындықова мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру шаралары туралы, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы айтты.
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және оларды қоғамға әлеуметтік ықпалдастыру мақсатында кешенді шаралар қабылданғанын жеткізді. Назгүл Сағындықова жұмыс сапары барысында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.