Елжанды Есенәлі аға

Ғалымдар қазір адамдардың жасарып бара жатқанын айтады. Рас болса, рас шығар… Бала кезімізде ата-әжелеріміз қырық жастарында бізге үлкен адамдар сияқты болып көрінетін. Олар жасаған жастан әлдеқашан асып, сақал шашымыз ағарып, жетпіске қарай қадам бассақ та, егде тарта бастағанымызды мойындағымыз келмейтіндей. «Кәрілік келіп қалды қай жағымнан?» деп қамығып жүрген құрдастарымды әлі көргенім жоқ. Қайта реті келсе, жаңадан кәсіп бастап, тірлігін дөңгелетіп, ел аралап, зейнет жастың рахатын көрсем дейді. Шіркін, жүрекке әжім түспейді ғой.

Бір байқағаным, мінезі көркем адам ерте қартаймайды екен. Сондай жандардың бірі Есенәлі Омар ағам десем қателеспеймін. Қарапайым ауыл баласы қазіргі Төлеби ауданы, Көксәйек ауылдық округіне қарасты Қазақстан ауылында 1943 жылы дүниеге келген. Сұм соғыстың зардабын тартып, қиындық көріп өскен білімге құштар жеткіншек орта мектепті ойдағыдай бітіреді. 1961 жылы Шымкент педагогика институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолын Леңгір қаласындағы №2 қазақ орта мектебінен бастапты. Бойында бұла өнері тасыған

Есенәлі ағаға білім ұйымының басшысы қоғамдық негізде аталмыш мектептің көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысын қоса жүктейді. Ол дайындаған мектеп хоры аудандық өнер байқауында жоғары баға алады. Атақты Ақан серінің «Қараторғай» әнін оқушыларға үш дауыста орындатып, мектеп тарихында бірінші рет ең тамаша жетістікке қол жеткізгенін көнекөздер әлі күнге дейін айтады. Өйткені, Есенәлі ағаның өзі де Құдай берген таланттан кенде емес. Әуелете ән салғанда кәсіпқой әншілерден артық айтпаса, кем түспейді.

Талантты табандылықпен ұштастырған ол ғылым жолын қуды. Мәскеу мәдениет институтының аспирантурасына түсіп, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атанды. Жоғары оқу орнында қызмет ете жүріп, ғылыми шығармашылық жолын докторлық диссертация жазумен жалғастырды. Көп ұзамай педагогика ғылымдарының докторы, профессор атанды. Ғылыми еңбектері, оқу құралдары, оқулықтары жарық көрді. Міне, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Есенәлі аға осындай ізденімпаз жан. Оның есімі киелі Түркістан өңірінде құрметпен аталады.

Жалпы, Есенәлі аға жаратылысынан ашық жарқын, ақкөңіл адам. Қашан көрсең де жанындағыларға шуақ шашып жүргені. Сондықтан ағамызбен әңгіме-дүкен құрудың өзі бір ғанибет! Төле бидің текті ұрпағы саналатын оны жұрт «көсіле сөйлейтін көсемге», «шешіле сөйлейтін шешенге» балап жатады. Өйткені, кезінде облыс және Төлеби ауданындағы іс-шаралар онсыз өтпейтін. Ол төңіректен сөз саптауға шебер, әртістік қабілеті кемел Есенәлі ағадан артық асабаны табу қиын еді. Ол өзіне жүктелген қандай міндетті де асқан жауапкершілікпен алып шығатын.

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» демекші, Есенәлі Омар ағамыз туған ауылынан тамырын үзген емес. Түрлі іс-шараларда, той-томалақтарда, ас-жиындарда елдің ауызбіршілігі мен ынтымағы туралы бәтуалы әңгіме айтып, жиналған жұртқа келелі ой салады, береке-бірлікке үндейді. Ол туған алақандай ғана Қазақстан ауылының даңқы бір кездері республикадан асып, Кеңес Одағына тараған. Ауданның шаруашылықтары үшін сортты бидай тұқымын өсірумен айналысатын ұжымшар мол табысқа жетті. Сондықтан да ғалым ағамыз туған жерін әрдайым орынды мақтаныш етеді. Астық жинаудан жоғары көрсеткішке жеткен бір топ диқан кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Төрағасының Жарлығымен айтулы наградаларға ие болды. Атап айтқанда, 1948 жылдың 28 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Төрағасының Жарлығымен әр гектардан 30 центнерден астам астық жинап, толағай табыстарға жеткені үшін осы ауылдың диқандары Жолымбек Қайназаровқа, Өсербай Нұрбаевқа, Садық Көлбаевқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Оларға Ленин ордені, «Алтын Жұлдыз» медалі, Жоғарғы Кеңес Төралқасының Құрмет Грамотасы қоса тапсырылды. Осы ауылдан әр жүз саулықтан 150 қозы өргізген аға шопан Қалдарбек Құлназаров, жігерлі жас, ұжымшар төрағасы Сыпабек Тілеуов, бригадирлер Алпай Қайназаров және Дәулетбай Баубеков, звено жетекшісі Кемеш Әймәмбетов Ленин орденімен марапатталды. Бір атап өтетін нәрсе, жүзден астам түтіні бар шағын ауылдың аға шопаны Қалдарбек Құлназаров 1936 жылы өңіріне Ленин орденін тақса, көп ұзамай осы жоғары наградаға Алпай Қайназаров, Сыпабек Тілеуов, Жолымбек Қайназаров, Дәулетбай Баубеков те ие болды. Оннан астам колхозшы түрлі ордендермен наградталды. Ал, звено жетекшісі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Бейсекүл Ембердіқызы Бүкілодақтық староста М.И.Калининнің қолынан тұңғыш марапат алған қазақ әйелдерінің бірі. Олардың барлығына арнап мектеп жанында кеудемүсін орнатылған. Өткен тарихымызға үңілсек, бұрынғы КСРО бойынша мұндай атақ пен абыройға ие болған азаматтары ең көп ауыл осы Қазақстан ауылы десек, қателесе қоймайтынымыз анық. (Бұл елді мекеннен кейін министрдің орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткері, өнер майталмандары шықты). Жерлестері ауылдың даңқын бүкіл Одаққа таратқан жеңімпаздарға арналған аллея ашып, ескерткіштерін орнатты. Айтайын дегенім, кезінде Ахметжан Айтмырзаев бастаған осы ұйымдастырушы белсенді топтың арасында ғалым Есенәлі Омарұлы ағамыз да жүрді. Ол осында кеудемүсіні орнатылған 14 адам туралы жан-жақтан мәліметтер жинақтады. Көз майын тауысып, архивтерді ақтарды, қариялар мен туған-туыстарынан түрлі естеліктер жинақтады. Аллеяның ашылу салтанатында әр еңбек озаты мен қоғам қайраткері туралы жеке-жеке баяндама жасады. Сондықтан ғалымның бұл іске қосқан үлесі ұшан-теңіз десек жарасады. Ол туған ауылынан шыққан еңбек озаттары мен қоғам қайраткерлері туралы таңды таңға ұрып, әңгіме айтудан жалықпайды. Кешегі көнекөздердің құймақұлақ сарқыты секілді. Өлкенің тарихын одан артық білетін жан жоқ бұл маңда.

– Сен Жазық Есімбеков деген ағайың туралы білесің бе? – деді Есенәлі ағам маған бір жолыққанда. – Ол кісі кезінде колхозда бастық болды. Кейін мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Өзі Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майданда «Т-34» танкісінің механигі болған. Танк жау снарядынан отқа оранғанда аман қалып, қасындағы серіктерін құтқарған. Осы көзсіз ерлігі үшін үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған.

Қызықты деректер мені де селт еткізгені рас.

– Сол кісі туралы зерттеуіміз керек! – деді Есенәлі аға маған сенім артқандай жігерлене сөйлеп. – Мұны біз айтпасақ, кім айтады? Әруақтар алдындағы аманатымызға адал болайық, інім!

Қазыналы қарт деп осындай кісілерді айтады: өлке тарихы туралы, осы өлкеден түлеп ұшқан азаматтар туралы таусылмас тарих, қазына жинақтап, оны жас ұрпаққа жеткізіп жүр.

Оңтүстік өңірінен түлеп ұшқан, ұлт болмысынан нәр алған, туған халқының кеңшілігін бойына сіңіріп өскен, саналы ғұмырының 55 жылын педагогика ғылымдарының өркендеуіне арнаған,

ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, ЖОО-ның үздік оқытушысы атағының екі дүркін иегері, Төлеби ауданының құрметті азаматы Есенәлі Омарұлы осындай жан.

Серікқали Жексенбаев,
«Оңтүстік Қазақстан» газеті

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

Келесі жылдары білім гранттарының саны артады — министрлік

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. — Қазақстан Республикасында ...