Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі журналистика кафедрасының негізі 1994 жылы қаланды.
1991 жылы университет ашылғанда қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы құрылған болатын. Кафедра меңгерушісі болып, филология ғылымының докторы, профессор М.Мырзахметов тағайындалды.1993 жылы қазақ әдебиеті мен қазақ тілі кафедралары бөлініп, өз алдына жеке кафедра болып қалыптасты. Бір жылдан кейін қазақ әдебиеті кафедрасы жанынан журналистика бөлімі ашылды да, 1995 жылы ол өз алдына жеке кафедра болып, енші алды. Кафедра меңгерушілігіне филология ғылымының кандидаты, доцент С.Садықов (бүгінде профессор) тағайындалды. С.Садықов журналистика кафедрасын 2003 жылға дейін басқарды. Одан кейін бір мүшелдей кезең кафедра тізгінін (2003-2014 оқу жылдары) филология ғылымының кандидаты, профессор Б.Сердәлі қолына алған-ды. Университеттегі құрылымдық өзгерістермен, басқа да жағдаяттарға байланысты журналистика кафедрасының басқа мамандықтармен біріккен тұстары да болды. Дегенмен, журналистер даярлайтын орта 2020 жылдан бастап Туризм және журналистика кафедрасынан бөлініп, қайтадан өз алдына дербес ұжым болып қалыптасты. Сол жылдан бері ұжымды филология ғылымының кандидаты, доцент Ә.Білдебекова басқарып келеді.
Бүгінде кафедрада 3 профессор, 2 ғылым докторы-профессор, 2 ғылым кандидаты-доцент, 1 PhD, қауымдастырылған профессор, 6 магистр қызмет етеді. Кафедра ұстаздары Сейдулла Садықов 2012 жылы, ал, Б.Сердәлі 2010 жылы және 2023 жылы «ЖОО үздігі» атанды.
Бүгінде кафедрада 6В03239 – «Журналистика», 6В03279 – «Сандық медиа және телерадиожурналистика» мамандықтары бойынша 120-ға жуық студент білім алуда. Кафедрада студенттердің оқу-тәжірибелік базасы ретінде «Yasaui тv» телестудиясы, «Yasaui FM» радиосы жұмыс істейді. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында дуальді білім беру бағытында халықаралық «Turkistan» телеарнасы жанынан дәрісхана ашылды. Телеарнада ашылған аудиторияда магистр оқытушылар, практик-мамандар Самат Сүлеймен, Жанерке Хумар студенттерге дәріс оқып, телевидениенің мүмкіндіктерін молынан пайдаланып, білімдерін шыңдай түсулеріне жағдай жасауда.
Ұйымшыл ұжым 2021 жылы Қазақстандағы журналист мамандарын даярлайтын ЖОО-лар арасында өткен пәндік олимпиадада І орынды иеленіп, ауыспалы кубокты жеңіп алды. Сөйтіп, пән олимпиадасын өткізді. Кафедраның практикалық базасы да жақсы жолға қойылған. Еліміздің ірі медиа холдингтері – «Қазақстан» Ұлттық арнасы, «Хабар» арнасы, «Қазақ радиолары» ЖШС бастап, «Қазақ газеттері» ЖШС, басқа да 60-тан астам республикалық және облыстық, жергілікті медиа құрылымдарымен келісімшарттар жасалған. Сонымен қатар, студенттеріміз (қажетті шарттарды орындап, тест тапсырып) университеттің Орхун, Мевлана және ERASMUS атты ұтқырлық бағдарламаларына қатысып, Түркияның белгілі университеттерінде алты ай тегін оқып келіп жүр. Студенттердің жол шығындарын ХҚТУ, ал, өзге шығындарын серіктес оқу ордасы көтереді. Сонымен қатар, тиімді меморандум түзудің нәтижесінде журналистика кафедрасының студенттеріне Түркияның TRT телеарнасында өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік туды. 5 ақпан мен 5 наурыз аралығында 6 студентіміз алғашқылардың бірі болып TRT-де өндірістік практикадан өтіп келді. Алдағы уақытта Түркиямен ынтымақтастықты арттыра отырып, қосдипломды білім беру бағдарламасына қол жеткізу көзделуде.
Түлектеріміз республикалық, облыстық және жергілікті медиақұрылымдарда жемісті еңбек етіп жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Есімін мақтаныш етер түлектеріміз аз емес. Атап айтқанда, платиналы «Тарлан» сыйлығының иегері Лира Қоныс пен «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Назира Байырбек АҚШ-та, Гүлзада Қалиева, Гүлнар Маманова Түркияда докторантурада оқып жүр. Ал, әріптесіміз PhD, профессор Молдияр Ергебеков Сүлеймен Демирел университетінің журналистика кафедрасында, Алматы менеджмент университетінде (AlmaU) медиа және кино факультетінің деканы қызметін атқарған.
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Айгүл Сейілова, Айнұр Мәуленова, Айнұр Қалдарбек «Qazaqstan» ұлттық арнасында, Жолдыбай Базар «Eqemen Qazaqstan» газетінде бөлім меңгерушісі, Мөлдір Мырзақасымова «Қазақфильм» киностудиясында сценарист-редактор, Азамат Тілепов пен Алуа Тұрсынхан «Қазақ радиосында», Әсем Қабылбек, Динара Балаубекова «Хабар» агенттігінде, Меруерт Палмаханова «ҚазТрансОйл» АҚ PR және ішкі коммуникациялар департаментінің директоры, Мөлдір Нәлібаева Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі, Нұралы Жылысбаев «Шеврон» мұнай компаниясында, Алмат Алтай мен Бахарнұр Жұмаділ Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқаруда.
Түлектеріміздің арасынан бірнеше газет бас редакторлары мен медиа менеджерлер шықты. Атап айтсақ, 2008 жылғы түлегіміз Ғани Жәпишев – «Қазақстан–Ақтөбе» ТВ директоры, Жадыра Нармаханова – «Ұлан» газетінің бас редакторы, Мәлік Дәулетов Түркістан қалалық «Түркістан» газетінде директор-бас редактор, Жәнібек Нұрыш – «Оңтүстік Рабат» газетінде бас редактор, Гүлмира Аймағамбет – «Астана ақшамы» газеті редакторының орынбасары, Гүлмира Садықова – «Қазақ үні» газетінің жауапты хатшысы. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушілері Дилара Бименова, Айдар Құлжанов, Ерболат Айнабеков, «Шымкент келбеті» газетінде жұмыс істеп жүрген Зәмира Алдабергенова, Гүлнұр Балабасова, «Отырар» телеарнасында істейтін Айжан Ермекқызы да біздің түлектер. Қанат Жүнісбеков, Мақсұт Айтжанов, Перизат Биназарқызы – «Оңтүстік» телеарнасында; Мариям Әбсаттар, Нұркен Қалижанұлы, Жансая Сыдықбай, Шынар Болат, Нұрлан Сұлтанбек – «Turkistan» медиахолдингінде жетекші журналистер, Ғабит Сапарбек, Жадыра Қожахметова, Бағдәулет Анарбай Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінде, Гүлнар Абдужаппарова – Түркістан облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы, Гаухар Қабылбекова – Түркістан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы. Талапты да талантты түлектеріміздің бірі, халықаралық «Cара сөз» журналының бас редакторы Гүлжаз Қарыбекқызының есімі бүгінде бауырлас Түркияда да танымал.
Олардың бүгінгі жетістіктері мен қоғамға «кетігін тауып кірпіш болып қаланғандары» бізді қуантады. Ойлап қарасақ, осынау отыз жылда (түлек ұшырғалы 26 жыл) біздің кафедра еліміз бен Түркияның медиаларына 700-ге жуық журналист мамандарын даярлапты.
Отыз жыл бедерінде оқу ошағында ондаған ұстаз жемісті еңбек етті. Солардың бірі де бірегейі – кафедраның негізін қалаған профессор Сейдулла Садықов. С.Садықовпен үзеңгілес, сонау тоқсаныншы жылдары Алматыдағы, басқа да ірі қалалардағы жылы орындарын тастап, аймақтағы оқу орны іргесінің берік қалануына үлес қосу үшін келген белгілі журналистер – Кемелбек Шаматаев, Әскер Исақов, Әлімбет Бостанов және филология ғылымының кандидаты, доцент Мырзантай Жақып, доцент Балтагүл Оспанова, Сахыпжамал Мұзафарова, 2000 жылдары қызмет еткен Бекжан Есенбаев, Үміт Зұлхарова, Бекзат Омарованы атап өту парыз. Сондай-ақ, 2000–2005 жылдары «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан арнайы шақыртылған Досымбек Нысанбаев, 2009-2020 жылдары студенттерімізге дәріс оқыған «Қазақстанның құрметті журналисі», педагогика ғылымының кандидаты, доцент Қуандық Оразбекұлы, т.б. әріптестер білім ордасы шаңырағының биіктеп, керегесі кеңеюіне өлшеусіз үлес қосты.
Әтіргүл ТӘШІМ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың оқытушысы.
«Оңтүстік Қазақстан» газеті