Балалар білімді, мәдениетті болып өссін десек, олардың кітаппен дос болуына көбірек басымдық беруіміз керек. Әсіресе, бұл орайда көркем әдебиеттің орны ерекше. Қалай болғанда да, кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы, білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбие құралы. Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп бекер айтпаған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес елімізде «Оқуға құштар мектеп» жобасы бекітілген болатын. Осы жоба аясында біз қандай жұмыстар атқардық? Жалпы, оқушыны кітапқа қалай жақындатамыз? Бұл жоба оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, оқу мәдениетінің деңгейін көтеруге және оқуды насихаттауға бағытталғаны белгілі. Осы орайда біз өзіміздің аталған жоба аясында атқарған жұмыстарымызбен бөлісуді жөн көрдік.
Оқушылардың кітап оқуға құштарлығын оятуды өте ерте қолға алған жөн. Бастауыш сынып оқушыларын кітап оқуға бейімдеу мақсатында алдымен шағын шығармаларды, тілі жатық ертегілерді оқыту керек. Ертегіден алған әсерін қасындағы достарымен бөлісіп отырса, сыныптағы басқа оқушылардың да кітап оқуға деген қызығушылықтары оянады.
Таяуда 4-сынып оқушыларына еркін тақырыпта шығарма жаздырдық. Сонда байқағаным, оқушылардың басым бөлігі соның алдында ғана оқыған ертегілерінің әсерінен арыла алмай жүр екен. Демек, кітап оқу балаға ерекше әсер еткен. Сондай-ақ, оқушылардың мектеп кітапханашыларымен болған кездесуі де олардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттырған сияқты. Кездесуде балаларға әдеби кітапты қай кезде, қалай оқу керектігі туралы кеңес берілді. Ертегілердің қиял-ғажайып оқиғалары, бас кейіпкерлердің басынан кешкен қызықты сюжеттері оқушылардың қызығушылығын оятты. Оқушылар ертегідегі кейіпкерлердің рөлін сомдап, сахналық көріністер қойды.
Әрине, оқушыларды кітап оқуға еліктіру үшін мұғалімнің сөйлеу мәнері көркем болып, терең білімі аңғарылып тұруы тиіс. Ал, өзі кітап, газет-журнал оқымайтын мұғалім балаға қандай тәрбие бермек? Ең алдымен кітап оқуды біз өзімізден бастағанымыз жөн. Біріміз кітапты ой-өрісімізді кеңейту үшін оқысақ, тағы біріміз жұмыс барысында ақпарат іздеп оқимыз. Кітап оқығаннан керемет әсер алатындар да жоқ емес. Олардың таным-түйсігі де, өмірге деген көзқарасы да ерекше болады. Осыны ұмытпайық.
Шахзада ИМАМБЕРДІҚЫЗЫ,
Талғат Бигелдинов атындағы №46 мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
Мақтаарал ауданы.
«Ońtústik Qazaqstan» газеті